Адамгершілік – ізгі қасиет
Адамгершілік – ізгі қасиет
26.01.2024
1981
0

      Адамгершілік – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы. «Кісілік», «ізгілік», «имандылық» тәрізді ұғымдармен мәндес. Адамгершілік – адамшылық, қаталдықпен салыстырғанда жақсылық тілеу қарым-қатынастары. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам  өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Ол – адамның рухани арқауы.

       Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе, бұлар адамгершілік қасиеттер (Ыбырай Алтынсарин). Адамгершілік – бұл рухани тәрбие. Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса, ол адам өз-өзін сыйламайды.Рухани – адамгершілік тәрбиесі – өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормалары мен дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды. Жастарды рухани  адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – бүгінгі қажетті, кезек күттірмес мәселе. Әсіресе, мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің мазмұны осы жастағы балалардың ерекшеліктеріне сай келуі тиіс. Негізгі міндет – балалардың жақсы әдет, мінез - құлықын қалыптастыру. Баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі жан дүниесін ояту нәтижесінде оның рухани - адамгершілік қасиеттері қалыптасады.

        Адам баласы жалғыздықта өмір сүре алмайды. Әрдайым арқа сүйейтін адамға мұқтаж болады. Заман ағымына қарай адамдық құндылықтар да қасиеттер де өзгеріп бара жатыр. Әрбір адам өзінің жағдайын ғана ойлайды. Сол сияқты бізді ата-анамыз асырайды, оқытады, тоқытады, біз үшін бәрін беруге дайын. Ал соны бағаламайтын жандар қаншама. Қартайған шағында кез келген ата-ана көмекке зәру болады. Өз құрсағынан шыққан сәбиден әрине жақсылық күтеді. Бірақ керісінше жасы жеткенімен ата-анаға масыл болып отырған адамдар қаншама. Сондықтан да біздің ең жақын адамдарымызды бағалайық.

       Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халық, отбасы, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр. Белгілі ұстаз В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады»,-дейді. Демек, жас ұрпаққа жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершілік пен руханилық қасиеттерін сіңіре білсек, еліміздің жарқын болашағына кепіл болатыны сөзсіз. Адамгершілік бұл шеті, шегі жоқ мұхит сияқты. Кейбір адамдардың адамгершілігіне сүйсінесің, ал кейбіреуіне таң қаласын. Адамгершілік адами қасиеттерден басталады. Адами қасиеттер бұл өзіне ғана емес, өзгелерге де пайдалы бола алу.

      Адамгершiлiк мәдениеті адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасады, әрбiр дәуiрдiң өзiндiк қайшылықтарымен бiте қайнасып, жетiледi. Әрбiр қоғам өзiнiң даму процесiнде адамгершiлiк категорияларына, оның мазмұнына көптеген өзгерiстер енгiзiп отырған. Адамгершiлiк –адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердi тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама-қарсы, терiс қарым-қатынаста пайда болады және адамның өзiне субьективтi түрде мiндет қоя бiлумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттерi отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр-бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмiрмен байланыстыру арқылы қалыптасады.

      Қорыта келе, адамзаттың алдында тұратын ұлы мұраттың бірі – саналы және салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – болашақ қоғамның тәрбиесі. Осыған орай, отбасының, яғни ата-ананың болашақ ұрпаққа адамгершілік пен рухани тұрғыда тәрбие берудегі үлестері орасан зор және де бұл ұрпақ алдындағы жауапкершілік атадан-балаға жалғасуда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Отан отбасынан басталады», «Бала жастан…» деген нақыл сөздер, ата-ананың бала тәрбиесінде алатын орнын ерекшелендіреді.

 

Н.Сайлауов

Теолог маман                                                             

0 пікір