Ислам дінінде еңбекпен шұғылдану ұлық амалдардан болып есептеледі. Себебі, шаруамен айналысқан азаматтардан барша адам пайдаға кенеледі. Тіпті, Алла Тағала адамзаттан бөлек жануарлардың ризықтануына да себепкер еткен. Сондықтан ғұламалар сөзі бойынша «адал еңбекпен шұғылдану – кәсіптердің ішіндегі ең абзалы» болып саналады. Ақыретте жәннаттық пенделер жәннат қақпасы алдында жиналып: «Кім бірінші кіреді?» - деп, сұрағанда: «Адал еңбек етушілер» - деп жауап беріледі екен.
Пайғамбар (с.а.с) хадисінде диқаншылық пен шаруашылық кәсібімен айналысқан пендеге мол ризық барлығы айтылған. Жәбирден (р.а) риуаят етілген хадисте: «Қайсы бір мұсылман егін ексе, одан адамдар жесе ол үшін садақа болады. Жыртқыш жануарлар жесе де садақа, құстардың жегені де садақа болады. Ол егіннен біреуі адал пайда көрсе, ол үшін садақа» - деген. Келесі риуаятта: «Мұсылман пенде егін ексе, одан адамдар, жануарлар мен құстар азықтанса, қиямет күніне дейін оған садақа болады»- делінген (Муслим риуаяты).
Сахабалардың біршамасы егіншілікпен шұғылданған. Солардың қатарында Ислам тарихында көп хадис риуаят қылған Әбу Һурайра (р.а), тәжірибелі мерген Саъд ибн әбу Уаққас (р.а) және өзге де сахабалар егіншілікті толық меңгеріп, мол егін алу тәсілдерін жетік білген.
Әрбір адам адал еңбегімен мал тауып, ризығын арттыруы үлкен сауапты амал. Миқдамнан (р.а) риуаят етілген хадисте: «Ешкім, ешқашан өз қолымен тапқан азығынан жақсырақ азық жеген емес» - деген (Бухари риуаяты).
Көктем мезгілінде жерден ұтымды пайдаланып, оған түрлі жемістерді егіп өнімін алған, өзіне және өзгелерге ризықты болуы үшін әр пенденің әрекет жасауы - адамилық борыш болып есептеледі. Асылында, Алла Тағала құлдары үшін жерді бағындырып, онда тіршілік жасауға, егінмен айналысуға және өзге кәсіпті игеруге жол ашқан. Осы іспетті берекелі істерді атқару арқылы түрлі нығметтерге жетуге ықпал жасаған.
Қасиетті Құранның «Мүлік» сүресінің 15- аятында: «Ол сендерге жерді бағындырып қойған ұлық Зат», ал «Ағраф» сүресінің 10- аятында: «Расында, сендерді жер жүзіне орналастырып, өздеріңе онда күн көрістер жасадық. Нендей аз шүкір етесіңдер» - деген.
Шүкіршілік, заманымыз шуақты, берекелі. Қандай егін ексек те міндетті түрде өсіп, мол өнім береді. Өкініштісі, өзіндегі мүмкіншіліктерді пайдаланбай, қайыршылық жасауға құмартқан адамдар да жетерлік.
Ертеде бір ақын болған екен. Өзінің шығарған өлеңдерімен елді – мекендегі адамдардың мазасын алады. Айналасындағылардың немқұрайлылық танытып, өлеңіне мән бермегендеріне ашынған ақын бір апта бойы сол жердегі патшаға арнап қырық шумақтан тұратын өлең шығарады. Бірде, ақын мансапқа ие болу мақсатымен патшаның алдына кіріп, қырық шумағын оқи бастайды. Әр шумақ оқылған сайын патшаның көңілі құлазып, соңына жетпестен тоқтатады. Жанындағы нөкерлерін шақыртып: «Ақынның әр шумағы үшін бір дүре соғылсын. Ауыл шетінен жер беріліп, диқаншылықпен шұғылдансын. Егер, жанындағы диқаншылардан аз өнім алса, зынданға тасталсын» - деп, бұйрық береді. Жазадан қорыққан ақын бар махаббатын жерге арнап, еңбек етеді. Нәтижеде мол өнімге ие болып, қайтадан патша сарайына алып келеді. Оның еңбегін көрген патша қырық алтын беріп: «Саған алғысымды айтамын. Адал кәсіп – ризықтың кілті екендігін дәлелдедің» - деп, құрмет көрсеткен екен. Қиссадан ғибрат алу өзімізге байланысты іс. Кәсіп иелену – адамды жоғары дәрежеге көтереді, ризықтың көп болуына себепкер болады. Егер еңбек жерге сіңсе, пайдасы сөзсіз көбейеді.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің
Жетісай ауданындағы маманы Б.Шаймерден
Адал кәсіп – ризықтың кілті