Топырағын түртсең тарихы сөйлейтін қазақтың киелі Ұлы Даласы қашан да, қай заманда да заңғар тұлғаларынан кенде болмаған. Кез келген халық өткен тарихынан, тұлғаларынан нәр алып, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам баса алатындығы ақиқат. Себебі, кез келген ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың алар орны ерекше. Міне сондай ұлы тұлғалар қатарында, қазақ руханияты шыңының бір басында бүкіл шығысты мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби тұрса, екінші басында өзіндік гуманистік ойларымен батысты тәнті еткен Абай Құнанбайұлы тұр. Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлы секлді ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден жазу мен сызудың, өркениеттің, ғылым мен білімнің, музыка, жазба әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз.
Зерттеуші ғалым А.Машанов «Әл-Фараби және Абай» атты 1989 жылы жарық көрген еңбегінде: «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру, біздің халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз. Демек бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек… Ал, осы екі алып тұлғаны жеке-жеке тануда едәуір істер істелгені рас. Бірақ бұлардың арасын жалғастырып тұрған ғажайып нәзік, тамаша берік рухани жіпті біз әлі таба алмай жүрміз: бірақ оның барын анық сезсек те, оны «көруден» әлі шалғай жатырмыз, – дейді.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз көне қала Отырарда 870 жылы дүниеге келіп, 950 жылы Шамда (Дамаск) қаласында көз жұмған. Ғұлама бабамыз 160-тан астам трактат жазып, әлемнің 70-ке жуық тілін меңгерген екен. Ең танымал еңбектерінің қатарына «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты жазбасы кіреді.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың қазақ топырағында дүниеге келгенін қазіргі таңда бүкіл әлем мойындап отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың қараша айында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелді» - деп атап өткен еді.
Ал, Абай Құнанбайұлы 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. 1904 жылы дүниеден өткен.
Біз бүгінгі тақырыбымызға арқау етіп отырған Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлының өмір сүрген дәуірлерінің арасында едәуір айырмашылық бар. Шамамен Х ғасыр (1000 жыл). Ал, бірақ бұл екі тұлғаның еңбектері мен ұстанымдарында, рухани тұтастығында қандай байланыстар бар, соны саралап көрейік.
Қазақтың ен даласы, шығыс-түркі мәдениеті – бұл әл-Фараби мен Абай үшін бірдей рухани бастау, қайнарбұлақ, олардың арасын жалғастырар арқау, үндестік, кейбір идеяларының бір-біріне тіл қатып тұрғандығы, байланыстылық болғандығын растайды.
Абай Құнанбайұлы жастайынан оқу-білімге құштар болып, Шығыстың, ұлы ақындары Фирдоуси, Низами, Хафиз, Жами, Сағди, Науаи, Сәйхали және басқа да алыптардың сиқырлы әуез, биік рух, қиыннан қиындасқан шынайы шеберліктің үлгісіндей ғажайып поэзиясының аясында тәрбиеленіп, өмір бойы солардың дәстүрінен қол үзген емес. Өйткені, Шығыстың ойшыл ақындары адамның табиғатын тереңнен ұғатын ерекше қасиеті, оның болмысына, рухани жан дүниесіне ерекше әсер етті.
М.Әуезов бір естелігінде: «Абайдың даналық дариясының бастауында үш көзі бар, олар: бірінші қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті-өнері, екіншісі орыс мәдениеті, сол арқылы батыс мәдениеті, үшіншісі араб мәдениеті» - деген екен.
Әл-Фараби: «Әрбір адамның әлемде (дүниеде) өз орны бар», десе Абай оны өз өлеңінде былайша жаңғыртады: «Сенде бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан!» деп, ұрпақтың ел өмірінде елеулі орын алатынын шегелеп айтқан.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабиден мұра боп қалған «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты да бар. Ол осы еңбегінде ғылым мен билікті бірлікте қарастыруға тырысады. Көне философ Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда табуды әдетке айналдырады» деген тұжырым-ойын одан әрі дамыта түседі. Сол себепті де жоғарыдағы еңбекте қалаларды қалай басқару керектігін, оны кім басқарғаны дұрыс екенін тізбелеп, өзгеше ой түйген. Әрі білімді, ірі ақылды, әрі таза ниетті адам ғана шаһар тұрғындары тұрмысын жақсартып, бақытқа жетуге ықпал етпек дейді. Қысқасы, философ ғалым ғылым жетістіктері мен билік әдістерін неғұрлым бір-біріне жақындата түссек, соғұрлым өмір де алға басады, тіршілік те жайнай бермек деп түйін жасаған. Былай қарасақ, бабамыздың он бір ғасыр бұрын айтып-жазып кеткендері әлі де маңызды болып көрінеді.
Сол секілді Абай Құнанбайұлы да өз заманындағы әділетсіз билікті сынға алады. Сонымен қатар халықтың мерейін тек өнер-білім ғана ұшпаққа шығаратындығын талай өлеңдеріне арқау еткендігін жақсы білеміз.
Әл-Фараби мен Абай өз ойларын әр түрлі сөзбен жазса да, олардың мағынасы бір-бірімен астасып жатыр. Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін оқыған адам өмірін босқа өткізбесі анық. Себебі, олардың әрбір жолдары мен шумақтары парасаттылық пен ақылдылыққа, бір сөзбен айтқанда өмірді лайықты сүруге үйретеді. Абайдың өлеңдерінен ар-ұят, еңбек, намыс, адамгершілік ұғымдарын жиі кездестіруге болады. Мысалы: «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деп аталатын өлеңінде ел кезіп уақытын қыдырысқа өткізіп жүрген адамдар жайлы айтады. «Ғылым таппай мақтанба» деп аталатын өлеңінде адамның неден асық және неге қашық болу керек екендігін нақты көрсетеді. Сонымен қатар, әр пенденің өмірде өз орнын табуы тиіс дейді, заманауи сөзбен айтсақ әр тірі жан иесі өзіне ұнайтын салада қызмет етіп, өз елінің дамып көркеюіне үлесін қосқаны абзал. Бұл біз жоғарыда атап өткен Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінің мазмұнымен ұштасып жатыр.
Әл-Фараби әзіл мен күлкі сияқты құбылыстарға моральдық-этикалық тұрғыдан баға береді. Қоғамдағы әрбір құбылыс шектен шығып кеткен жағдайда адамға теріс әсер ететіні сияқты адамның мінез-құлқындағы шамадан асып кеткен көріністер де ізгі қасиеттерге кері ықпалын тигізеді. Осы пікірін түйіндей келіп, Фараби: «әзілқойлық – әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалғаны бір шеткеріліктен екінші шеткерілікке немесе орташа мөлшерге ауысуды жеңілдету үшін қандай амалдар бар екенін білу» деп жазады. Әл-Фарабидің осы моральдық-этикалық тұжырымын Абай өзінің «Төртінші сөзінде» жетілдіре түседі: «Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек» - деп, әл-Фарабидің көзқарасын қуаттап тұрғандай.
Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес» - дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман» - депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман», – депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» - деген қорытындыға келеді.
Әл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» және «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңінде де әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген. Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Өйткені ондай адам тек «суық ақыл» мен «жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал бойына осы екі қасиетпен қоса-қабат әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни ол енді «нұрлы ақылдың өкілі» деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл» жайындағы тұжырымының қайнар-бастаулары әл-Фарабидің интеллект туралы ілімінде жатқанын аңғару қиын емес.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Оған «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері жатады. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударған. Этиканың зертеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы – бақыт. Сонымен қатар ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды деген пікір айтады. Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді.
Қорыта айтқанда қазақтың маңдайына біткен мың жылда дүниеге бір келер алып даналардың рухани тұтастығының бұзылмас тұғырнамасының біз бүгін бір парасын аша алсақ сол үлкен жетістік. Әл-Фарабидің трактаттарында да Абайдың қара сөздерінде де – білім, мейірімділік, сұлулық үшеуінің бірлігі басым. Бұл екі ғұламаның адамгершілік идеялары әлемге кең тарады. Олар ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді.
Тарихшы, ғалым Ә.X.Марғұлан айтқандай: «Абай мен Әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы болып табылады». Қазақтың бағына біткен майталман тұлғалары Абай мен Әл-Фараби әр дәуірде өмір сүргенімен, екеуінің артында қалдырған еңбектері мен жазбаларында айтқан даналық, ғибратты сөздерінің арасында үлкен байланыс жатыр. Біз бұл тұлғаларды, өздері айтқан ғылыми-танымдық ойлары арқылы танып білеміз. Абай мен Әл-Фарабидің ой-толғамдары халқымыздың үлкен мұрасы.
Медет Халықов Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары
Әбу Насыр Әл-Фараби және Абай Құнанбайұлы дүниетанымының ерекшеліктері