Абайдың иман мен амалға қатысты көзқарасы
Абайдың иман мен амалға қатысты көзқарасы
18.05.2020
2894
0

        Халқымызда «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» - деген нақыл бар. Бұл дегеніміз бабаларымыз ар-ұятын, намысы мен иманын бәрінен жоғары қойған деген сөз. Расында да, «жиғаным менің – иманым» - деген қағиданы ұстанып келген дана халқымыз сенімдеріне селкеу түсірмей, ізгі, салихалы амалдарын, Жаратқанның разылығын бірінші орынға қоя білген. Дін мен сенімді талас-тартыстың құралы емес, ізгіліктің бастауы деп білді. Өйткені, дініміздің мақсаты – адам баласын иман аясында таластырып қою емес, керісінше жүрегіндегі иман байлығын көркем амалдармен көмкертіп, бір Алланың сыйына қол жеткізу ғана.

          Ал, енді иман дегеніміз не? Оның адам баласының өміріндегі алар орны мен маңыздылығы қандай? «Иман» сөздікте – сену, растау дегенді білдірсе, терминдік ұғымы – Алла тарапынан келген үкімдер мен тыйымдарды жүрекпен растап, сену, қабыл ету дегенді білдіреді. Иман етудің негізгі қағидасы жүрекпен бекітіп, тілмен  айту.

Абай Құнанбайұлы өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:

«Бас жоғары жаралған, мойын төмен,

Қарашы, дене біткен ретімен.

Істің басы - ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен» - деп келтірген. Яғни бұл жердегі иман, яғни сенім мәселесін толық іздеп, оған шынайы сенім білдірмеген пенденің қылған «тағаты» (ғибадаты) сөз болып отыр. Жоғарыдағы аталған өлеңінде мынадай жолдар кездеседі:

«Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс». Бұл жердегі «бастапқы» дегеніміз не? Бастапқы, яғни әуелгі бұл – Алла, ал бекіту дегеніміз – Оған иман келтіру. Соңғы төрт дегеніміз – намаз, ораза, зекет және қажылық амалдары. Адам баласының барлық ғибадат-құлшылығы Жаратушы Аллаға бағытталуы керек. Ал, сол Алланы таныған адамды біз «иманды» адам дейміз. Яғни, әрбір мұсылман үшін бірінші орында иманы, Аллаға деген сенімі тұруы қажет. Осы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:

«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол,- дейді. Һәкім Абайдың осы сенім мәселесінде жазған еңбектерін талдай кетсек.

Абай Құнанбайұлы өзінің он үшінші қара сөзінде: «Иман деген - алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ» - деп, «иманның» анықтамасын беріп кетсе, сонымен қатар, отыз сегізінші қара сөзінде: «Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың» - деп, ислам ақидасының аясын қазақ тілінде түсіндіреді. Осы мәселеге қатысты Құранның «Бақара» сүресінің 285-аятында:

امَنَ الرَّسُولُ بِمَا اُنْزِلَ اِلَيْهِ مِنْ رَبِّه وَالْمُؤْمِنُونَ

«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де оған иман келтірді» - дейді. Алланың барлығы мен бірлігіне, кітаптарға, періштелерге, пайғамбарларға, тағдырға және ақыр күніне сену иман шарттарынан болып табылады.

Жалпы «иман» ұғымы мен түсінігі, оның маңызы туралы біршама түсінік қалыптастырған болсақ, біздің негізгі қозғайтын тақырыбымыз иман мен амал арақатынасы, соның ішінде Абай Құнанбайұлының осы мәселеге қатысты көзқарасына ойыссақ. Һәкім Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: «Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен  өсер» - дейді. Сонымен қатар осы қара сөзінде .

«Сіздің ішіңіз (батиныңыз) таза болмағы әуелі иман болып, бұл сырты (заһир) ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің сыртыңыздағы (заһирыңыздағы) ғибадат – ішіңіздегі (батиныңыздағы) иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі ғибадатпенен (тағатпен) нұрланады, ғибадат (тағат) жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.

Менің хаупім бар, олар ерекше (хас) осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын мақсат (қасд) қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?!» - деуі арқылы, иман мен амалдың бөлек екендігін ұқтырып отыр.

Бұл айтылған мәселелерді Абай Құнанбайұлы жанынан шығарды ма? Жоқ әлде бұл мәселе Абайға дейін өмір сүрген ғалымдардың еңбегінде кездеседі ме? Жалпы қазақтың сенімдегі ұстанымы қандай болған? – деген суалдарға қысқаша тоқталып кетсек. Қазақ халқының сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан ислам дінінің сенімде екі мазхабы, амалда төрт мазхабы бар. Соның ішінде біздің халқымыз сенімде – Имам Матуриди мектебін және амалда – Имам Ағзам Әбу Ханифа негізін қалаған құқықтық бағытты ұстанып келеміз.

Иман және амал, бұл екеуі екі бөлек дүние. Әһли сунна ғалымдары иман мен амалды екі бөлек нәрсе деп қарастырып, бұл пікірлерін аят-хадистермен дәлелдеп көрсеткен. Сондай-ақ, Әһли суннадағы ақида (сенім) ғалымдары адам исламның әмір-тыйымдарының бірін қабыл етпесе немесе жоққа шығарса ғана кәпір болады. Ал, оны қабыл етіп, тек орындамаған болса, кәпір емес, жәй күнәһар пенде үкімінде болатындығын анық білдірген. Құранда «Бақара» сүресінің 277-аятында былай делінеді:

اِنَّ الَّذينَ امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَاَقَامُوا الصَّلوةَ وَاتَوُا الزَّكوةَ لَهُمْ اَجْرُهُمْ عِنْدَ رَبِّهِمْ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

«Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды». Аятта иманнан кейін, ізгі іс жасағандар деген қоса келуде. Араб грамматикасында екі бөлек сөзді бір-біріне қосарлата айту ережесі бар. Алайда амал иманның ажырамас бөлігі болғанда, «иман келтіріп», деген сөзден кейін «ізгі іс істегендер» деген сөзді айтудың еш қажеті болмас еді.

Имам Әбу Ханифа өзінің «әл-Уасия» атты еңбегінде: «Иман – тілмен айту, жүрекпен растау». Амал иманнан бөлек, иман да амалдан бөлек. Бұған көп жағдайда мүминнің мойнынан амал жасау міндетінің түсуі дәлел болмақ. Бұл жағдайда мүминнің мойнынан иман түсті дей алмаймыз. Мәселен, хайыз әйелдің мойнынан Алла тағала намазды түсірді. Алайда Алла тағала оның мойнынан иманды түсіріп, иманды тәрік етуге бұйырды дей алмаймыз. Алла оған оразаны тоқтат, сосын оның қазасын өте дейді. Алла тағаланың оған иманды тоқтат, сосын оның қазасын өте деуі мүмкін емес. Пақыр-кедейге зекет беру міндет емес деп айтуға болады. Алайда, пақыр-кедейге (зекеттің парыздығына) иман міндет емес деп айтуға болмайды» - дейді.

Дін бүкіл амалдарына сенумен толық болмақ. Ал, солардың біреуіне сенбей, жоққа шығарса, басқа үкімдерді де жоққа шығарғанмен пара-пар. Дегенмен, діннің бүкіл амалдарына сеніп, олардың кейбірін орындамаса, діннен шыққан болып есептелмейді. Мынаны ажырата білуіміз керек. Діннің үкімдерін жоққа шығару бір басқа, оны орындамау өз алдына басқа нәрсе. Кейбір сенімге деструктивті діни ағым өкілдері намаз оқымаған адамды діннен шығарып, кәпірге балап, айды аспаннан бір-ақ шығарып жүр. Осындай сөздерімен қаншама жастарды шатастырып, адастырып жатқан  жайы бар.

         Ойымызды қорытындылай айтар болсақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезеңінен бастап, қазіргі күнге дейінгі ахлу сунна уәл-жамағат ғалымдары жүрегінде иманы бар және иманын тілімен айтқан, бірақ амалдарды орындамай, үлкен күнә жасаған кісілерді кәпір демеген, мұсылман санаған. Сондықтан да қазіргі таңда ескілікті қайта жаңғыртып, ел ішінде діни алауыздыққа жол ашып елдігімізге, діни тұтастығымыз бен тыныштығымызға үлкен қауіп төнінуіне жол бермеу үшін ел арасында өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ата-баба ұстанымы мен Абайдай даналардың дұрыс түсінігін үйрету қажет.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары  Медет Халықов

0 пікір