Абайдың діни танымы
Абайдың діни танымы
18.06.2020
1323
0

          Өмірге адам түрлі мақсат, түрлі көзқараспен қарайды. Бірі – ішсем, жесем десе, енді бірі – оқысам, тоқысам, еліме қызметім жараса дейді. Сондай бір ірі тұлға, батыс пен шығысты байланыстырған кемеңгер ақын Хәкім Абай Құнанбайұлы. Абайды әркім әрқырынан таниды. Философтар пәлсапалық ойларын зерттесе, дінтанушылар Абай атамыздың иман туралы жазған өлеңдерін қара сөздерін тілге тиек етіп, қалам ұштап жатады. Біз де өлең шумақтарынан, сырлы сөздерінен сыр тартып көрсек.

          Ақылды адамға иман парыз, ал иман парыз болған адамға – ғибадат парыз. Ислам дінінің асылы тілді кәлимаға келтіріп, иман ету. Иман ету – Жаратушы иенің барлығына, бірлігіне, періштелеріне, пайғамбарларына, кітаптарына, тағдырға, ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне сену. Дана Абай бел ортасы жасқа келгенде өз ойын, өмірден түйгендерін қағазға түсіріп артына хат қалдырып, іздеген адам ішінен өз керегін тапсын болмаса өз-сөзім өзімдікі деп қырық бес қара сөз жазып ұрпаққа өшпес мұра етті. Қырық бес қара сөзінің он бірі дін, иман таразысы жайында. Хәкім Абай иман турасында былай дейді: «Иман деген – Алла Табарака уа Тағаланың серіксіз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әртүрлі бізге Пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи рәсәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ». Сондай-ақ якини және таклиди иман деп бөліп қарастырады. «Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десек керек». Яғни Жаратушы иеге иман келтірерде ақыл-ой жүгірту, нақты дәлелмен сену арқылы иман ету демек. Екінші – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды таклиди иман дейміз». Бұлай иман ету – мешіт, медреседе білім берер ұстаздардан, Алланың кәләмі мен Пайғамбар (с.а.с) хадистері арқылы Құдайды танып, иман етіп, сену. Бұлай иман ету қоғамдағы көп адамдардың басындағы жағдай. Ал нағыз иман – якини иман. Себебі Ибраһим пайғамбардың жаратылыстарға қарап ой жүгіртіп Жаратушы иені тапқаны секілді иман ету. Бұл адастырмас – иман.

            Алла Тағала Құран Кәрімде Жұма сүресі 10 аятта: «Намаз оқылып болған соң, жан-жаққа тарап, Алланың мол рақымынан (кәсіптерің арқылы) өз ризық несібелеріңді іздеңдер» - деп адал жолмен еңбек етіп табыс табуға шақырады. Қазақта малым жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы деген нақыл сөз бар. Немесе өлімнен ұят күшті деп жатады. Ар-ұжданды, ұятты болу халқымызда адам бойындағы жоғары бағаланған қасиет. Жиырма тоғызыншы қара сөзінде «... Әуелі жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, - ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі». Демек адал еңбек, табан ет, маңдай термен мал тауып, нәпақа табу ар-ұжданды кісінің ісі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) хадис шәрифінде: «Ұят пен иман тығыз қарым-қатынаста. Егер ұят кетсе екіншісі де бірге кетеді» -дейді. Демек адам бойындағы ұяңдық иманның бір бөлшегі. Хәкім Абай атамызша айтсақ «Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһу уәсәлләмнің хадис шәрифінде айтыпты: «Мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, соның иманыда жоқ, деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса иман сонда» - деген.  Енді бұл сөзден білінді: ұят, өзі иманның бір мүшесі екен.

          Қорытындылай келе ислам дінінің мұсылмандардан талап ететіні де адал жолмен нан табу, ұятты болу, ешкімді алдап-арбамау. Қоғамда өзіндік орны бар жас буын өкілдері, қалың бұқара Абайды танысақ, білсек, оқып көңілімізге тоқысақ, бізді адастырар жат діни ағым болмас.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Созақ ауданындағы теолог маманы     Қ.Қосмаханов

0 пікір