Абай түсінігіндегі дін ұғымы
Абай түсінігіндегі дін ұғымы
08.09.2020
1883
0

Бүгінгі таңға дейін Абай Құнанбайұлының еңбектерін дін тұрғысынан талдап, оны зерттеп-зерделеген тұлғалардың барлығы да бір байламға келген десек қате айтқандық емес. Ол байлам Абайдың діні – мейірім мен махаббат, адалдық пен ар, әділдік пен тазалық дегенге топтасып келіп, тоқтап отыр. Көзі қырағы, ойы жүйрік оқырман өзі де ұғып-біліп, түсініп отырған болар, біздің байлам да Абайдың діні – әділдік пен арға негізделген екендігін ұқтыруға сайып келіп тұр.

Әділдік жайлы Абай өзінің қырық бесінші қара сөзінде: «..Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» - деп дәлел алады. Құдайдың әмір, заңдары көп. Солардың ең ұлығы – мейірім, әділет екенін Абай: «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі», - деуімен бекітеді. Абайдың теологиясы мәңгі көнермейтін, ескірмейтін, бағасын жоймайтын құндылық.

Әділет дегеннен шығады... Қай заманда болмасын Алланы сүйдім дейтін пенде көп. Бір сынаққа түскенде Алласын сатып өз пайдасына жұмыс істеп кетіп жатқандар аз емес. Демек, сүйдім демек те әділет болмаса ол сүйгенге жатпайды екен. Адамды сүю де солай. Қиянатқа жол беріп отырып адамды сүймектік шын мәнісінде сүю бола алмас еді. Демек, әділетті болған адам ғана Алланы да өз орнында сүйе алады, адамның бәріне адамшылықпен, махаббат, мейірім көзімен қарай алады. Қарасаңыз, үш сүюдің де өзегінде әділет жатпай ма.

Қиянатқа мейірімділік жасау әділет болмасы анық емес пе? Демек, бұл сипаттың (мейірімділіктің) да өзегінде әділет жатыр. Һәкім Абайдың өз сөзінде айтады: «Ғамалус-салих ғадаләтті уә мархамәтті болмақ күллі тән бірлән қылған құлшылдықтардың ешбірі ғадаләтті, мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес. Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят – бұл ғадалаттен шығады» - дейді.

Сан ғасырлық тарихымыздағы діни алауыздық туылмауына себеп болған бабаларымыздың орта жолды ұстану көзқарасы болса, әділет – дін мәселесінде ғана емес барлық мәселеде орта жолды ұстану, шектен шықпау. Сондықтан да Абай әділетті «Хақ (Алла дегені) жолы осы» - дейді.

Өз заманын, сол кездегі өмір сүрген адамдардың мінез-құлқын сынаған Абай «Жас өспірім замандас қапа қылды» - деген өлеңінде ар ісі жайлы былайша толғанады:

Жамандық, жақсылық пен – оған бір бәс,

Дін ісін, құдай ісін айыра алмас.

Арын сатып, ант ұрып іздегені –

Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас. Ар мен әділдікті Құдай ісі деуі арқылы адам өмірінің мағынасы мен мазмұнын ашып тұрғандай. Бұл дегеніміз озық ойлаумен, биік парасат деңгейінде сүбелі іс тындыру дегендік.

Шынында, біз тілген тиек етіп отырған мәселелер дінде ежелден бар нәрселер еді. Абай соны заманның тіліне салып, түсінігіне келтіріп, біздің халықтың парасат-пайымына жүйелеп бергені. Және жан-жақты мәселелерге бағыттап, қамту ауқымын кеңейтіп жібергені. Міне, көзқарас пен танымның ішінде отырып, ежелден негізі бар нәрседен уақыт сұранысына жауап беретін, адамдардың дертіне дауа боларлық ұлы танымдар, әдіс пен тұжырымдар алып шығады. Абайдың көзқарасының кемелдігі де осында.

Бұлар бізге аса керекті мінездер.

Жүйелеп айтқанда, Абай айтқан толық адам әрбір қазақтың арманына айналса, елді дүмшеліктің елесі кезбейді, ғылым өркендейді, әділет салтанат құрады, мейірімді қоғам орнайды.

Абай Құнанбайұлы тек өз замандастарын ғана сынға алған жоқ. Ол қоғамды түзетуді өз бойындағы кемшіліктерді түзетумен бастады десек қате айтқандық емес. Көпшілік өлеңдерінде Абай өзінің мінез-құлқын, болмысын қатты сынайды. Осы тақырыпқа сәйкес һәкім Абай өз бойындағы кемшілігін «Ойға түстім,толғандым» - деген өлеңінде былайша суреттейді:

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін;

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін;

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін,

Қулық пенен сұмдыққа

Құладындай ұшыппын. Абай бұлай деуі арқылы жеке тұлғасын ғана емес, бүкіл қоғам бейнесін өлеңмен өрнектеп суреттеп тұр десек те болады. Ал енді Абай іздеген «Әділдік» пен «Ар» тазалығын тарқатып, талдап кетсек. Оның біздің өмірімізде қаншалықты маңыздылығына, дін ислам ұстанымы бұл тұрған не дейді? Осының ара-жігін тарқатып өтсек.

«Әділ» – араб тілінен алынып,  «Барлық жаратылысқа өзінің тиесілі ақысын беру, сөзімен ісінде міндетімен ақысында, дінімен ұлтына, реңімен түріне, байлығымен мансабы және туыстығына қарамай теңдік жасау». Әділдік жасау адамилық құндылықтың басында тұрғандықтан, Ислам діні барлық мұсылмандардан әділдікті талап етті.

Мұсылмандық мінездің ең маңыздысы «Әділдік», себебі әділдіктің ұғымы өте ауқымды және оның кіріспейтін жері жоқ, сенімде, ғибадатта, сөзбен істе, тіпті адам ойында да әділдік  қажет. Сондықтанда әділдіктің Исламдағы алар орны өте биік. Жеке адам болсын немесе қоғам болсын әділдіксіз биік шыңдарға шыға алмайды.

Әділдіктің қарама-қайшы ұғымы «Зұлымдық», әділдік талап етілген жерде табылмаса, ол жерде міндетті түрде зұлымдық жүреді, сондықтанда әділдіктің пайдасын айтқанда зұлымдықтың зардабы қоса айтылады.

Әділдік ұлы қасиет, оның ұлықтығы – Алла көркем есімдерінің бірі «Ал-Адл» (Әділетті), Алланың адамзатқа әділдігі имандымен имансызды ризықтандырды, көптеген елшілер жіберді, кітаптар түсірді, адасқан қателескен адамға тәубе есігін ашып қойды, туралыққа жол сілтеді.

Дініміз әділдіктің орнауына қатты мән берген, әділ болуды ешкімнің еркіне тастамады, бәлкім әрбір адамға міндеттеді, әсіресе билік иесіне өте сақ болуын қаперіне салды, Алла Тағала Құран Кәрімнің «Нахл» сүресі 90-аятында былай дейді:

 إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَيَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ ۚ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ 

«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан әм зорекерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер».

Сонымен қатар, Алла Тағала «Ниса» сүресінің 58-аятында әділдік  бәріне бірдей міндет екенін қайталайды:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَنْ تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُمْ بَيْنَ النَّاسِ أَنْ تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُمْ بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا 

«Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ һәм Басир».

Әділ болу керектігі жайында пайғамбарымыздың (с.а.с.) Әбу Дәуіттің жинағында келген Әбу Һурайрадан жеткен хадисінде: «Кімде-кім мұсылмандарға үкім етіп, әділдікпен үкім етсе оған жәннат нәсіп болады, егер кімде-кім зұлымдықпен үкім етсе, тозақта болмақ» - деген.

Абайдың үш сүюінде айтқандай әділдік те бірнеше бағыттарға бөлінеді. Олар Аллаға, адам баласының өзіне және өзгелерге деген әділдік. Енді осы мәселелерді тарқатып өтсек.

  1. Аллаға әділдік жасау тек Оған ғана табынып ғибадат жасау, сұраса Алладан сұрап, бір Алладан қорқып, Өзінен ғана үміт ету.
  2. Адам өзіне әділдік жасау. Бұл жерде ең бірінші білу қажет нәрсе біздің денеміз Алланың аманаты. Адам өз жанына немесе денсаулығына, тіпті арына зиян келтіретін нәрсе жасауы Ислам дінінде күнә амал, сондай-ақ малын харамнан табу және адал малын орынсыз жұмсауда шариғат қайтарған әрекет. Алланың парыздарын орындамай, харамынан тыйылмай жазаға жолығу өзіне жасаған әділетсіздігі. Алла адам баласын ғазиз етіп жаратты, сосын өзін құрдымға кетіруіне тыйым салды. Ал, сол бойға нәр беруші адал асымыз бен күнкөріс қамымыз малымызды адал еңбекпен табу керектігін һәкім Абай «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» - деген өлеңінде былайша баяндайды:

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.

Қаруыңның барында қайрат қылмай,

Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел.

Жоғарыдағы өлең жолдары арқылы Абай Құнанбайұлы иман мен арымыздың тазалығы ішкен-жеген асымыздың адалдығымен болатынын меңзеп тұрғандай. Адал еңбекпен мал табу, отбасы мен жан бағу жайлы Құран Кәрімнің «Шура» сүресі 27-ші аятында Алла Тағала:

وَلَوْ بَسَطَ اللَّهُ الرِّزْقَ لِعِبَادِهِ لَبَغَوْا فِي الْأَرْضِ وَلَٰكِنْ يُنَزِّلُ بِقَدَرٍ مَا يَشَاءُ ۚ إِنَّهُ بِعِبَادِهِ خَبِيرٌ بَصِيرٌ 

«Егер Алла құлдарына несібені кеңітіп жіберсе, әлбетте жер жүзінде бүлікшілік шығарады. Бірақ қалаған мөлшерде несібе береді. Өйткені Ол, құлдарынан толық хабар алушы, көруші» - дейді.

Егер Алла пенделеріне ризық-нәсібелерін көктен түсіріп, өлшеусіз, бейнетсіз тегін бере берген болса, адамзат тіршілікте азып-тозып кетер еді. Алла сол үшін әркімге тиесілі несібесін өлшеп беріп, оны еңбекке байлаған. Абайдың тілімен айтқанда: «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» - дегендей, еңбекке сүйенбей, біреудің үстінен күн көрудің зардабы аштықпен нәубеттің, қиыншылықтың қайсысынан болса да қасіреті зор. Тоңып емес, тойып секіргендердің алапатын тарихтан да бүгінгі өмірден де көріп жүрміз.

Отанының алдындағы міндетін ескермеген, қара басының қамын ғана күйттейтін пендені адамдық қасиеттен ада, яғни «уайымы жоқ, дертсіз» жан ретінде суреттейді. Ал, Абай хакім:

Жұртқа сенбе тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап,

Өзіңе сен,өзіңді алып шығар

Еңбегін мен білімін екі жақтап – деп түйіндейді.

          Міне мұның барлығы да адам баласының өз-өзіне жасаған адалдығы мен ар тазалығы һәм әділдігі деп айта аламыз.

 3. Адам басқалармен әділ болу.  Бұл әділдік өз алдына бір неше тараптарды қамтиды:

а) Сөйлеген сөзінде әділ болу. Яғни бір нәрсе айтсақ, өтірік қоспай дұрыс сөз сөйлеу, Имам Бухаридің жинағында келген хадисте: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, дұрыс сөз сөйлесін немесе үндемесін» - деген Пайғамбарымыз (с.а.с.) өсиетіне амал жасау;

ә) Тек ақиқатты айтып, өтірік куәлікке бармау, тура үкім шығару;

б) Жазалауда әділдік жасау;

г) Бітімге келгенде әділдік жасау; 

д) Адамдарға ақысын бөлгенде әділдік жасау;

к)  Балаларының арасында әділдік жасау.  Ешқайсысын басқасынан артық көрмеу қажет, мейлі ол ұл болама әлде қыз болама немесе үлкен болама, кіші болама тең көру керек. Сыйлық бергенде, тіпті сүйгенде де араларын ажыратпау тиіс. Әлбетте жасына және ұл-қыздығына қарай өзіндік тәртіптер болары белгілі, дегенмен басқа балалары ренжімейтіндей қарым-қатынас жасау әділдік болып табылады.

Егер адам әділ болудың  дүние ақыретте пайдасын білсе, басын өлімге тіксе де әділеттіліктен бас тартпайтын еді, әділеттіліктің сыйы өте көп, Алла Тағала Құранда Рахман сүресінің 60-аятында былай дейді:

 هَلْ جَزَاءُ الْإِحْسَانِ إِلَّا الْإِحْسَانُ 

«Жақсылықтың сыйлығы жақсылық қана».

Ал пенде атаулыны жақсылыққа үндейтін, жамандықтан тыятын не күш, не құдірет-қайраты болуы мүмкін? Бұған да біз Абайдан жауап таба аламыз. Ол көңілді кірлетпеу, жүректі таза ұстау. Бұны һәкім Абай өзінің он жетінші қара сөзінде: «Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп  кітаптың айтқаны осы» - депті.

Жүрек атаулы әзиз дүниенің таза болуы кіршіксіз пенденің ақ, адал ниетіне байланысты. Себебі Абай жоғарыдағы сөзін өз ойынан алды дегеннен, Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін алды десек дөп түскендей боламыз. Ниет – адам әрекетінің нақтылы мақсатын білдіреді. Ниетсіз, себепсіз алға мақсат қойылмайды. Ал ниеттің орныққан жері жүрек. Алла елшісі (с.а.с.):

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم : إِنَّ اللَّهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ.

«Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» - дейді Имам Муслимнің хадистер жинағында. Яғни, бұл хадистегі жүрек деген сөздің астарында ниет жатқаны меңзелуде. Ең бастысы һәкім Абайдың сөзімен астасып жатқандығы.

Сонымен қатар Абай Құнанбайұлы «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!» - деген өлеңінде жүректі бұлғап, ниетті бұзып, адалды аттасаң Жаратушы алдында қабыл болатыұғын амалыңның болмауы мүмкін екендігін төмендегідей жеткізеді:

Адалды сатсаң арамға,

Құдай қабыл етер ме?

Адамды адам етіп тұрған – ар екендігін, тіпті, өлім төніп тұрса да ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай – қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен...», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» - деп түйеді. Абай  Құнанбайұлының түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өзара алдында жасаған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу. Мұндайларға Абай Құнанбайұлы:

«Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрсын,

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын», - деген.

Арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар – әр адамның өз ісінің төрешісі. 

Ұяттылық, ар-намыстылық, тілге ие болу және ақыл – иманнан. Абай осыны ұқтырмақшы болды. Сараңдық, әдепсіздік, арсыздық – ұятсыздық пен екі жүзділіктен туындайды. Көрінген жерден пайданы көздеп, өз қара басын күйттеп тұратын адамдар жайлы «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде:

Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып.

Майданға түспей бәйгі алма, - дейді.

Дін жолы – иман жолы, имандылық жолы. Дінсіз адамның арды аттауы, қиянатқа баруы оңай. Өйткені ол дінсіздіктің нәтижесінде құдайдан қорқу сезімінен ада.

Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,

Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!

Ұятың мен арыңды малға сатып,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер» - деп, ар мен ұятты негіз етіп, өмірдің түбін ойлауға шақырады Абай атамыз. Адамгершіліктің мәні жөнінде терең толғанған ақын өз ойын әлем кеңістігіне жүгіртіп, ар, ұят, әділдік деген ұғымдар адам өзінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар екенін, әр адам өзіне-өзі жауапты екенін аңғарта айтып, түсіндіре кетті. Мұны Абай Құнанбайұлы:

Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық.

Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі, - деп суреттейді. Қарап отырсақ ар мен ұят, әділдік деген ұғымдар сонау Абай заманында ғана емес, бүгінгі қоғамда да өте өзекті болып отыр. Міне сол үшін де Абай мұрасы өз құндылығын жоймақ емес, керісінше уақыт пен заман өткен сайын бағасы артып келеді. Бұл дүниені біз уақыт өткен сайын терең түсіне беретініміз анық. Бұл тақырыпты, жалпы Абайдың ар мен ұятқа, әділдік пен махаббатқа негізделген таза дінін өзінің «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңіндегі мына бір жолдармен түйіндесек:

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Сонымен, дін мен иманның шын негіздері – ар, махаббат, әділет. Бұлар Жаратушы Иеміздің ісі, он сегіз мың ғаламды меңгеретін басты заңдары болып табылады. Қоғам дамуы үшін осы үш ұстынды бірдей ұстау маңызды. Бірінсіз бірі кемел, толық бола алмайды. Абай – күллі адамзатқа жол сілтеген рухани көсем. Жастардың құлағына алтын сырға, олардай данасы бар халыққа ұстазды сырттан іздеу жараспасы анық.

Абайдың діни ұстанымы туралы тақырыбымызды М.Әуезов айтқан «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» - деген пайыммен сабақтағымыз келеді. Дін феноменін Абайша түсіну және қабылдау – уақыт талабы деген пікірдеміз. Сонда ғана тура жолды адаспай таба аламыз.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                           Медет Халықов

0 пікір