▪️Түркістан қаласында қазақстандық имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институтының ашылу салтанаты өтті. Маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай-қажы Өтпенов пен ел ағалары қатысып, көпшілікті айтулы оқиғамен құттықтады.
▪️Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан дәстүрлі исламды дәріптеу және оның ғылыми-теориялық негізін дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталды.
????– Президентіміз «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет» – деген болатын. Осы мақсатта біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, дін саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыратын Ислам институтын ашып отырмыз. Институт заманауи үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталған. Бұл игі іске қолдау көрсеткен «Хилует» қоғамдық қайырымдылық қорына, демеуші азаматтарға және Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлына ерекше алғысымды білдіремін! Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда осындай бастаманың жүзеге асуы – заңдылық. Бұл оқу ордасы Ахмет Ясауи ілімін зерттеумен және имамдарға терең білім берумен айналысады. Мұнда Түркістан облысы ғана емес, бүкіл еліміздің дін қызметкерлері де біліктілігін арттырады, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров діни басқарманың Түркістан облысындағы өкілдігіне жаңа автокөлік тапсырды.
▪️Іс-шараға қатысушылар игі іске бастамашы болған облыс әкімдігіне, демеуші азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі








