
Бүгін Түркістан қаласында «Дінім – діңгегім, дәстүрім – қазынам» рухани мәуліт кеші өтті. Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері және Түркістан қаласының тұрғындары қатысты.
Бас мүфти жиналған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтап, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірінен тағылым алудың маңызына тоқталды.
«Мәуліт айы – Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірін, сауапқа толы сүннет амалдарын халыққа насихаттаудың, дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі. Бүгінгі іс-шара да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтылып, мәуліт жыры оқылады.
Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту – сауапқа кенелу амалы. Мұсылман баласы Аллаға мадақ айтумен қатар, Оның Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем жолдайды. Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деп әмір еткен», – деді Бас мүфти.
Кеш барысында Мәуліт жыры оқылып, театрландырылған қойылымдар сахналанып, «Мәуліт сыйы» иегерлеріне табысталды.