Теріс идеологияның әйелдер арасында белең алуы
Теріс идеологияның әйелдер арасында белең алуы
13.12.2022
560
0

Соңғы жылдары теріс деструктивті идеологияның «көзсіз құрбандары» қатарын әйелдер де белсенді түрде толықтырды. Мұның салдарының қандай ауыр болғандығын Сирия қақтығыс аймақтарына көзсіз аттанып, жолдасы былай тұрсын тіпті балаларымен отбасын тәрк етіп тастап кеткен қаракөздер қаншама?

Психологтар мен психиатрлардың пікірінше, әйелдердің агрессиясы алкоголизмге ұқсас, оны өзгерту немесе емдеу өте қиын. Физикалық күші мен төзімділігі бойынша ер адам әйелден асып түскенімен, өзінің табиғи психологиялық мүмкіндіктері бойынша ер адамдар бара бейрмейтін қауіп пен қатерге әйелдердің ойланбай баратындығы анық. Шешенстан аумағында орын алған «жесір 36 әйелдің» бір уақытта террак жасағандығын ешкім ұмытпаған болар.

БҰҰ жүргізген зерттеуге сәйкес, ДАИШ құрамына Орта Азиядан барып қосылған адамдар саны 2000 мен 4000 арасында. Көршілес Қырғыстан билігінің хабарлауынша 2010 жылдан 2016 жылға дейін Сирия мен Иракқа барғандардың жалпы саны 863 адамды құраса, оның ішінде 188-і (23,8%) әйел азаматшалар екендігі жайында хабаралаған. Тәжікстан шенеуніктері 2012 және 2016 жылдың ортасы аралығында 1094 адам ДАИШ-ке қосылу үшін елден кеткенін, олардың арасында 200-ге жуық әйел бар екенін атап өткен.

Еліміз аумағында тыйым салынған діни топтар бастапқы кездерде әйел адамдарды тек ақпарат көздерін жинақтау, құпия орындарды табу секілді тапсырмаларды ғана орындатып, кейіннен әйелдерді әскери қызметтерде «пайдаланып», тіпті олардың қатысуымен атышулы «Күрдістан жұмысшылар партиясының» тобы құрылды.

БҰҰ көрсеткен мәліметтерге арқа сүйесек, көптеген Батыс Еуропа елдерінде ХХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында әйелдер террористік топтар құрамының негізгі бөлігін құраған. Атап айтқанда: Германия бойынша – 47 %, Италия елінде – 44 %, Франция мемлекетінде 46% болса, Испания бұл көрсеткіш 21 % құраған.

Пенсильвания мемлекеттік университетінің халықаралық зерттеулер кафедрасының доценті және Пенсильваниядағы халықаралық терроризмді зерттеу орталығының ғылыми қызметкері болған ғалым және профессор Миа Блум өзінің «Разорвавшаяся бомба: многоликий женский терроризм» кітабында мынадай бес негізгі себепке назар аудараған: кек алу, төлем, туыстық, құрмет және зорлық-зомбылық. Мұндағы ең бастысы туыстық қарым-қатынас екендігі анық. Егер әйел белгілі бүлікшімен немесе жиһад жасаушымен етене тығыз қатынаста болса, онда ол әйелдің сол адамның ізімен жүретініне деген сенімділік арта түседі емес пе?

Қазіргі зерттеушілер лаңкестер қатарына кіретін әйелдер де, ер адамдар да кез келген саяси және басқа мақсаттарды негіздеуге болатын мінез-құлқындағы «идеологиялық» негізден басқа, көптеген жалпы психологиялық белгілер бар деп санайды. Сонымен қатар, американдық психологтар Д. Хорган мен М. Тейлордың пікірінше, теріс идеология құрбандары әдетте, өзіне сенімсіз адамдар немесе зорлық-зомбылықсыз мақсатқа жете алмайтын агрессивті адамдар екендігі анықталған. Террористік ұйымға кіргеннен кейін олар қоғамның қалған бөлігінен бөлініп, оның стереотиптері, мөрлері мен құндылықтары әлеміне еніп кетеді.

Терроризмді зерттейтін мамандар әйелдердің ер адамдарға қарағанда белгілі бір идеология немесе топтың ойлары мен мақсаттарына адал және фанатизмге бейім деп санайды. Көбінесе әйелдер өздерінің тағдырына қанағаттанбау нәтижесінде осындай қауіпті қадамдарға барады. Көп сала сарапшыларының пікірінше әйелдердің саяси және идеологиялық ойларға деген қызығушылығы аз.

Әйел адам бүтіндей бір ұлттың, елдің болашағы екенін ескерсек, жоғарыда көрсетілген мәліметтер іштей үрей туғызады. Салдармен емес, себеппен күресіп үйрену қажет. Оның алдын алу өте маңызды. Адам санасына «ұят, сауап, обал» ұғымдарын сіңіре білсек, адами болмысты сақтау, жанашырлық, жақындық секілді басты құндылықтар арқылы «ұлттық код» қалыптастыруға болады.

Осы ретте, еліміз аумағында теріс идеологиямен күресетін білікті әйел мамандардың әлі де қажет екендігін, экстремизм және терроризммен күрес, әсіресе ондағы әйел адамның рөлі турасында тек көршілес емес, әлемдік тәжірибелерге соның ішінде әйел адамның құқығына арналған түрлі жобалардың тәжірибесімен бөлісіп, өзімізге қажетті бағытын зерделеу арқылы болашақта келер қауіптің бетін қайтару маңызды.

Асима ДҮЙСЕНБАЕВА,

Қызылорда облысы Дін мәселелерін

зерттеу орталығының дінтанушы аға маманы

 

Kazislam.kz порталына сілтеме: Теріс идеологияның әйелдер арасында белең алуы

0 пікір