Талибан ауған әйелдеріне БҰҰ мекемелерінде жұмыс істеуге тыйым салды
Талибан ауған әйелдеріне БҰҰ мекемелерінде жұмыс істеуге тыйым салды
06.04.2023
639
0

Тәліптер БҰҰ мекемелеріндегі ауған әйелдеріне Ауғанстан аумағында жұмыс істеуге тыйым салды. БҰҰ өкілдері мән-жайды анықтау үшін Кабулда билік өкілдерімен кездеспекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат DW агенттігіне сілтеме жасап.

«Талибан» радикалды ислам қозғалысы Біріккен Ұлттар Ұйымында (БҰҰ) қызмет ететін ауған әйелдеріне жұмыс істеуге тыйым салды.

«Әртүрлі арналар бізге бұл тыйымның бүкіл ел аумағына қатысты екенін хабарлады», – деді БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик.

Дюжаррик бұл тыйымның «қисынсыз әрі ақылға қонымсыз» екенін айтып, оның гуманитарлық ұйымдардың мұқтаж жандарға көмек көрсетуіне нұқсан келтіруі мүмкіндігін еске салды.

Бұған дейін БҰҰ-да ауған әйелдерінің жұмысына тыйым салу тек шығыс Нангархар провинциясына қатысты деп хабарланған болатын.

БҰҰ өкілдері жағдайға қанығу үшін сәрсенбіде Кабулда билікпен кездесуге ниетті.

2022 жылдың желтоқсанында Талибан әйелдерге үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істеуге тыйым салған болатын. Жаппай халықаралық наразылықтан кейін тыйым денсаулық сақтау саласында жеңілдетілді. 

Бірақ бұған дейін аталған шектеу БҰҰ агенттіктеріне қолданылған жоқ.

2021 жылдың тамызында билікке келген Талибан Ауғанстандағы әйелдерге бірқатар кемсітетін шектеулер енгізді.

Сонымен қатар, музыка, әлеуметтік желілер және бейнеойындар заңсыз деп танылды.

Kazislam.kz порталына сілтеме: Талибан ауған әйелдеріне БҰҰ мекемелерінде жұмыс істеуге тыйым салды 

0 пікір