
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде бабалар рухына 100 Құран хатым дұғасы жасалды.
Дәстүрге айналған игі іс-шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері мен қарилар қатысты.
Игі басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Бүгін киелі Түркістан жерінде, бабамыз, түркі әлемінің рухани ұстазы - Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, 100 Құран хатым дұғасын бағыштау – біз үшін мәртебе әрі сауапты іс. Бұл – ізгілік пен имандылыққа бастайтын амал. Мұндай шаралар – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүр, бабалар рухына құрметтің белгісі»,- деді.