Қаңтар оқиғасына ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті дін өкілдері қатысқан
Қаңтар оқиғасына ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті дін өкілдері қатысқан
02.08.2022
664
0

Қаңтар оқиғасына ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері қатысқан. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары Нұрлыбек Сәбитов айтты.

«Бас прокуратура қаңтар оқиғаларына байланысты қылмыстық істерді тергеу барысы туралы хабарлауды жалғастыруда. Жалпы осы оқиғалардың нәтижелерінде елімізде 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркелді. Қиратулар, мемлекеттік объектілерді өртеу, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында жасалғаны белгілі», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, сол қайғылы күндері қылмыскерлер әскерилерге шабуыл жасап, жолдың жүру бөлігін жапқан, автокөліктерді өртеп, азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға көндірген және тонаулар жасаған.

«Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді бұғаттау үшін олар полиция органдарының ғимараттарына шабуылдар жасады. Жаппай тәртіпсіздіктерге ұйымдасқан қылмыстық топтар, деструктивті діни ағымдардың мүшелері және бұрын сотты болған адамдардың қатысқанын арнайы прокурорлар анықтады. Бүгінгі күні барлық қылмыстық істер бойынша 286 күдікті қамауда. Олардың қиратуларға, ғимараттарды өртеуге, қаруларды жымқыруға, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға белсенді қатысқаны анықталды», – деді Нұрлыбек Сәбитов.

Бас прокуратура өкілінің мәліметінше, әрбір қамауға алынған адам бойынша олардың қылмыстарға қатыстылығы туралы жеткілікті мәліметтер бар. Олардың барлығына қорғалу құқығы, санитарлық нормалар, тамақтану, дәрі-дәрмектер және ұстаудың тиісті жағдайлары қамтамасыз етілуде, деді ол.

0 пікір