«Жастарды жат ағымдардан қорғау» тақырыбында кездесу өтті
2026 жылғы 10 сәуір күні Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Ұйымшыл, Ақбастау, Абай және Қазығұрт атындағы жалпы орта мектептерінде жоғары сынып оқушыларымен «Жастарды жат ағымдардан қорғау» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Төлеби ауданы аумағында дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру тобының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жоспарына сәйкес өткізілді.
Кездесуге сала мамандары қатысып, өз бағыттары аясында мазмұнды баяндама жасады. Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Е.Бөриев жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғау жолдарына тоқталды. Ал орталықтың дінтанушы-теолог маманы Қ.Мырзабай дәстүрлі дін құндылықтарының маңызын кеңінен түсіндірді. Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Құрманалиев қоғамдық тұрақтылық пен діни қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін атап өтті.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің әдіскері С.Утегенова жасөспірімдердің тәрбиесі мен діни сауаттылығын арттыру жайына назар аударды. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы Ж.Еркінбек қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызын жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бекмурзаев жастарға рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті. Ал аудандық «Нұр» мешітінің найб имамы Ж.Жаппаров діннің бейбітшілік пен ізгілікке негізделген қағидаларын түсіндірді.
Кездесу барысында жастар арасында діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың таралу себептері, олардың алдын алу жолдары, ақпаратты дұрыс саралау және құқықтық жауапкершілік мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шара еркін форматта өтіп, оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жас ұрпақтың діни сауаттылығын арттыруға, сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға және қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосады.





+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru