Дархан Қыдырәлі: Жұртшылықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын
Дархан Қыдырәлі: Жұртшылықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын
28.09.2022
691
0

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына Ресейден келіп жатқан нөпір мәселесіне байланысты пост жазды. Ол халықты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніп, береке мен бірлікті сақтауға шақырды.

“Қадірлі достар!

Дүние дүрбелеңге түскен күрмеуі қиын күрделі кезеңде біздің шекарамыздан ағылған халықтың легі кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмағаны анық.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев киелі Түркістан шаһарында бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, осындай алмағайып тұста бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет екенін атап өтті. Расында, біз ең алдымен қалыпты халықтық қалпымыздан айнымай, адамгершілік, сабырлық, ұстамдылық танытуымыз керек. Қандай жағдай болмасын, елдің тыныштығы, халықтың амандағы маңызды. Бұл ретте келген азаматтардың жартысынан көбі қайта кетіп жатқанын да назардан шығармайық.

Әсіресе, қалам мен сөзге серт берген әріптестеріміз – журналистер қауымы ақпарат таратуда кәсібилік көрсетіп, жалған мәліметтің жетегінде кетпейді деп сенемін. Себебі, мұндай толқымалы кезеңде әр ақпараттың мәні, маңызы өте зор. Оның үстіне қазір еліміздегі бірқатар ақпарат құралдарына кибер шабуылдар жасалып жатқанынан хабардар болып отырмыз.

Осы орайда жұртшылықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын. Біз салалық министрлік ретінде тиісті ақпарат беруге даярмыз.

Президент айтқандай, ел мүддесі мен еңселі егемендігімізден жоғары ештеңе жоқ. Береке мен бірлік – қазақ үшін домбыраның қос ішегіндей қастер тұтар егіз ұғым. Сондықтан бірлігімізді бекемдеп, берекемізді бағалай білейік!”

Kazislam.kz порталына сілтеме: Дархан Қыдырәлі: Жұртшылықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын

0 пікір