ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына жұмыс сапары аясында «Бекзат Саттарханов» спорт кешенінде спортшылармен кездесу өткізді.
Кездесу «Адалдық пен тәрбие – рухани құндылық» тақырыбында өтті.
Жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облысының бас имамы Ержан қажы Сматұлы, сондай-ақ ҚМДБ бөлім басшысы Батыржан қажы Берденұлы қатысты.
Кездесу барысында Бас мүфти спорттың тек күш пен шеберлікті емес, ең алдымен мінез бен тәртіпті сынайтын алаң екенін атап өтті.
«Спорт – тек жеңіс пен жүлде емес. Қиын сәтте сабыр сақтау, жеңіске жеткенде тәкәппарланбау, жеңілгенде мойымай қайта көтерілу, қарсыласқа құрмет көрсету – нағыз тәрбиенің белгісі.
Бүгінде “адал қоғам” ұғымы тек мемлекеттік деңгейде емес, әр азаматтың жүрегінде орнығуы керек. Адал қоғам – парасатты қоғам. Адал қоғам – әділ қоғам. Адал қоғам – әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын қоғам», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар, Бас мүфти спорт саласында адалдық қағидатының маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, спортшы әділ бәсекені құрметтеп, жалған атақ пен өтірік көрсеткішке ұмтылмауы, допинг, алдау және арға қарсы әрекеттерден аулақ болуы тиіс.
Өйткені спортшы – халықтың сенімін арқалаған тұлға.
Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы даңқты спортшы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттархановаға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.











+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru