
Жүктеп алу
«БЕКІТЕМІН»
Түркістан облысының дін
істері басқармасының басшысы
________________Р.Сабыржанұлы
«___»______________ 2025 жыл
Қазақстан – зайырлы мемлекет
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысының ерекшеліктері негізінен 30 тамыз 1995 жылы жалпы халықтық референдумда қабылданған қазіргі қолданыстағы конституцияда көрініс тапқан болатын. Аталған конституцияның 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» - делінген. Міне, бұл Қазақстан Республикасының экономикалық, саяси, мемлекеттік және құқықтық жүйесінің негізін айқындайтын басты ұстанымдар. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын айқындайтын аталған негіздер әлемдік тәжірбиенің, яғни мемлекеттік құрылысты қалыптастырудың сан ғасырлық сыннан өткен көрінісін бейнелейді.
Мемлекетіміздің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі конституциялық құқықтарының қатарынан болып табылады. Ата заңымызға сәйкес азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге деген көзқарасына, наным-сеніміне, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Бұл Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы зайырлы бағытта екендігін көрсетеді. Зайырлы мемлекет идеясы өзінің негізін жаңа дәуірлерде Европада қалыптастырды. Шын мәнінде зайырлы мемлекет қалыптастыру ғасырлар бойы жалғасып келген діни теке-тірестің тамырына балта шабуды көрсетеді. Шығыс пен Батыс елдерінің ортағасырлық тарихы бір қырынан діни алауыздықтар мен жанжалдардан тұрады. Мемлекетте діннің үстемдік құруы ортағасырлардағы Европаның мемлекеттігінің дамуын тежеді. Мемлекет пен діннің ортасындағы таластар сол мемлекеттерді ыдыратуға дейін алып келген болатын. Сондықтан да дамыған елдердің бүгінгі дамуында конституциялық деңгейде орын алған, зайырлы мемлекет қалыптастыру сол өткен тарихтағы тәжірибені ескерудің, одан сабақ алудың көрінісі болып табылатындай.
Демократиялық қоғамда дін міндетті мемлекеттік мәртебеге ие емес, бірақ оның өз орны бар. Конституциямыздың 5-бабында: «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылады», -делінген. Дін тек идеология ғана емес, дегенмен, Конституцияның бұл тұжырымы дүниеге деген әр түрлі көзқарастың (идеологияның) заң алдында теңдігін, бірақ ешқайсысының анық міндетті еместігін көрсетеді. Конституцияның бұл бабынан экстремистік, радикалдық емес идеологиядан басқалар, діни де, атеистік те көзқарастар мәдени өмірімізде, бұқаралық ақпарат, сондай-ақ азаматтардың қалауына байланысты меншік түріне қарамастан оқу орындарында уағыздалуы мүмкіндігін байқаймыз. Әрине, бүгін Конституция берген бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Қазақстанда дінтану пәні факультативтік негізде немесе міндетті емес пән ретінде енгізілді.
Конституцияның 22-бабындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:
- азаматтардың дінге қатынасына, дін таңдауына, балаларының да дін таңдауына араласпайды;
- мемлекеттік органдардың жұмысын діни бірлестіктерге жүктемейді;
- діни бірлестіктерді қаржыландырмайды;
- діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;
- әр түрлі діндегі немесе дінге сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.
Ал діни бірлестіктер:
- мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекеттік органдардың жұмысына араласпайды;
- саяси партиялардың жұмысына қатыспайды, оларға қаржылай қолдау көрсетпейді;
- мемлекеттің заңнама талаптары мен құқық тәртібін сақтауға міндетті.
Осыған сәйкес мемлекетіміз «зайырлы» қағидасын есепке алады.
Зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасында діни мекемелер мемлекеттен бөлектігін білдіреді және бұл Қазақстандағы ислам мен провославиелік, тағы да басқа нанымдық бағыттарға бірдей қатысты. Елдегі дін ұстау бостандығы мен діни бірлестіктердің жұмысы жөніндегі заңдылықтарды мемлекет белгілеп, бақылайды. Қазақстан аумағында шетелдік діни бірлестіктердің жұмыс істеуі, ол орталықтардың Республикадағы діни бірлестік жетекшілерін тағайындауы тек тиісті органдардың келісімі бойынша ғана жүзеге асырылады. Қазақстанда әлемдегі белгілі діндер өзара татулықта, түсіністікте қатар өмір сүріп отыр. Бұл жалпы дін мәселесіне байланысты дұрыс саясаттың жүргізіліп жатқандығын білдіреді. Осы жерде елімізде толерантты қоғамның орныға бастағанын айтқанымыз жөн.
Елбасы Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» - деп атап көрсетті.
Зайырлы мемлекет – мемлекетті шіркеуден бөлу нәтижесінде пайда болған, қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы. Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелер халықтың дінге сенуші бөлігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс күні ретінде бекітілген.
«Зайырлылық» сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық сипаты – ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарға дін мәселесінде еркіндік береді.
Зайырлы мемлекет – азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді. Дін мемлекеттік саясаттан тыс. Қазақ елінде мемлекеттік деңгейдегі ресми дін жоқ. Конституция бойынша діни партия құруға жол берілмеген. Мемлекеттік органдар Конституция негізінде салалық заңдарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Қазақстанның әр азаматы ұждан бостандығын пайдаланады. Дін ұстану немесе атеист болу – әркімнің өз еркінде.
Зайырлы мемлекет ұғымының түп-тамыры діни құқық тұрғысынан адамсүйгіштік құқығын басшылыққа алуда жатыр. Адам және адамның өмірінің құндылығы ғасырлар тереңінен зайырлы және құқықтық мемлекет құруға деген талпынысты туындатты. Зайырлы мемлекет – діни наным-сенімді адам болмысына тән қажеттіліктердің бірі ретінде қарастырып, құқықтық нормаларды басшылыққа алады. Зайырлы мемлекетте діни құқық емес, адамның дінге деген құқығы әлеуметтік заңдылықтар шеңберінде қарастырылады. Мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады. Құқықтық мемлекет құрудың маңыздылығы еліміздің барлық азаматтарының діни сеніміне қарамастан заң алдындағы теңдігінен көрінеді. Оған азаматтарымыздың өз діни нанымдары себебінен Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығының жоқтығы дәлел. Зайырлы мемлекетте азаматтық құқық пен заң алдындағы теңдік маңызға ие. Өйткені, бүгінгі таңда елімізде теріс пиғылды діни топтардың (әсіресе ислами теріс пиғылды топтар) теократиялық немесе клерикалды мемлекет құруға деген талпынысы зайырлылықпен тығыз байланыстағы құқықтық мәселелеріне, адамсүйгіштікке нұқсан келтіруі мүмкін.
Елімізде дінді ұстану мен бірлестіктердің жұмысын реттейтін заңдылықтарды мемлекет белгілейді және бақылайды. Дүние жүзінде мемлекеттердің үш түрі бар: теократиялық, атеистік және зайырлы мемлекеттер.
Теократиялық мемлекеттің негізгі белгілері: 1. Діннің азаматтардың барлығына бірдей міндетті болуы. 2. Діни ұйымдардың мемлекеттің саяси жүйесін басқаруда ерекше орын алуы. 3. Діни зиялылар тобы мемлекеттің көшбасшылары болып табылады, мемлекеттік билік органдарын басқарады, саяси мемлекеттік өкілеттіліктері бар. 4. Діни бірлестіктер мемлекеттен шеттетілмеген. 5. Діни ұйымдар мемлекеттік органдардың қызметіне қатысуға құқығы бар, оның қызметіне тікелей ықпалын тигізе алады.
Атеистік мемлекеттің белгілері: 1. Діни сенімдерді жоққа шығару. 2. Діни ұйымдарға ресми тыйым салу. 3. Діни әдет-ғұрыптардың орындалуын шектеу. 4. Діни адамдардың саяси билікке қатыстырылмауы. 5.Білім беру, тәрбие саласы атеистік негізде болуын мемлекеттік қадағалау.
Зайырлы мемлекеттің белгілері: 1. Діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі. 2. Діннің саясаттан ажыратылуы. 3. Дін әр, азаматтың жеке ісі болып есептеледі. 4. Мемлекеттік білім-беру жүйесі мен тәлім-тәрбие беру зайырлы сипатта. 5. Діни наным-сенімнің көксейтіні — адамның жеке өмірінің бостандығы.
Әлемде 113 мемлекет өзін зайырлы ел деп жариялаған болса, соның бірі – Қазақстан. Ал жер бетіндегі 75 мемлекетте дін республиканың ресми бөлігі болып табылады.
Бүгінде республикамыз өзін әлемге көп ұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет ретінде танытуда. Қазіргі ахуалға көз салар болсақ, 2021 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3816 діни бірлестік бар. Олардың филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін бар қажетті жағдай жасалған. Олардың 595 протестант храмы мен ғибадатханасы, 342 православие, 86 католик шіркеуі, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 Кришна санасы қоғамы және Бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Елдегі дін ұстанушыларының 70 пайызы мұсылман сенімінде болуына байланысты 2680 мешіт «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» атты республикалық діни бірлестіктің меншігіне кіреді.
Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекеттің тіректерінің бірі – рухани тірегі болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздің ішінде оңды-солды тіркеліп, діни үгіт-насихат жұмыстарын екпіндете жүргізіп жатқан әртүрлі діни бағыттағы бірлестіктер мен көптеген жат миссионерлердің істері – халқымыздың, ұлтымыздың келешек болмысына, ата дініміздің бекіп өркендеуіне деген алаңдатушылығын туғызып отыр. Еліміздегі бүгінгі діни ахуал жағдайында бұрынғы өлшеммен жұмыс істеуге болмайтыны белгілі ақиқат.
Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлылық принципі мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуiнiң арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дiнсiз – мемлекет, ал мемлекетсiз – дiн жоқ. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, ел дамуының бүгінгі кезеңінде екi тараптың өзара бiрiгiп әрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор. Бұл жерде мемлекет мынадай қағиданы басшылыққа алуы тиіс: ол қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек және еліміздің негізін құрап отырған халықтың дәстүрлі дініне басымдық беруі қажет. Өйткені, қоғам мен дінді бір-бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі талас тудырмасы анық.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, еліміздегі барлық діни бірлестіктердің құқығы бірдей және тең. Қазақстанда ел тұрғындарының діни сенімдерінің басым бөлігін құрайтын ислам және православие діндерінің үлесі 95%, католик, иудайзм діндерін ұстанатындардың үлесі 1-2%-ды құраса, еліміздегі дәстүрлі емес діни бағыттарды ұстанушылардың үлесі небәрі 2-3%-ды ғана құрайды екен. Демек, заң бойынша еліміздегі дәстүрлі дін болып саналатын іргелі діндер мен жаңа діни бағыттардың мәртебесі мен олардың қоғам өмірінде алатын орны теңдей қарастырылды. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Демократиялық үкіметтің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де үкіметтің басты міндеті болып саналады.
Мәдениеттің алға дамуы көпшілікке қалыптасып қалған парадигманы өзгертпеу мүмкін емес: күйзеліс пен қарама-қайшылық – прогрестің қозғаушысы. Келісім, ынтымақтастық, әлемді танудың түрлі ұстанымдарына түсіністікпен қарау – адамзат мәдениетін сақтап қалудың, оның болашағын қамтамасыз ететін амалдар. Дінге сенетіндер мен сенбейтіндерді біріктіретін ортақ нәрсе олардың дүниетанымын бөлетіндерден анағұрлым маңыздырақ. Ұлт тағдыры, тарихтың ортақтығы, мемлекетіміздің күйзелістен шығу жөнінде қамқорлығы, жаһандық қауіптерді жеңу – барлық адам үшін маңызды. Бұл ортақтық сабырлы диалогпен, келіссөзбен айқындалады. Тек келіссөздер ғана өзара түсіністікке, ескірген парадигмалардың ауысуына әкеледі, адамзат болашағы мен мәдениетті құтқару үшін бірлікке шақырады.
Асылында, зайырлылық сол мемлекетте өмір сүретін барлық ұлттар мен ұлыстардың құқығы тең деген мағынаны білдіреді. Екіншіден, зайырлы мемлекеттің құқықтық заңдары болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, дүниежүзінде тек бір ғана Ватиканнан басқа теократиялық мемлекет жоқ екен. Басқа мемлекеттердің барлығы зайырлылық принципті ұстанады. Неге? Өйткені қоғамдық қарым-қатынастарды реттеу, салық салу, әлеуметтік төлемдер, айлық жалақы, тіпті медициналық көмек көрсету болсын, мұның барлығы зайырлылық нормамен реттеледі. Бірақ бұл зайырлы мемлекет дінсіз дегенді білдірмейді.
Зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуы ғана емес. Зайырлылықтың негізгі мақсаты жеке тұлғаны діндердің және иделогиялардың қысымынан құтқару екендігін білуіміз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстандағы діни экстремистік бағыттар, «салафилер» мен жат миссионерлерге өз азаматтарын беріп қою, бақылаусыз қалдыру мемлекеттің қауіпсіздігіне қаншалықты зиян екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Қазіргі қоғамдағы «салафилердің» барлық іс әрекеттері қоғам қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр. Ал миссионерлік ошақтары жік шығарғалы қашан. Зайырлылық мемлекеттің демократиялық, рационалды ұстанымдарға негізделуін білдіреді. Зайырлылық әсіресе Батыстағыдай католик әлеміндегідей дін мен мемлекеттің емес, дін мен шіркеудің өзара ажырауын білдіреді. Ал исламда жоғарыда айтқандай «дін адамы» немесе «дін адамы емес» деген бөлектену немесе статус, «каста» болмаған. Олай болса, республикалық жүйедегі мемлекеттердегі «зайырлылық» ұстанымын әсіресе, ислам өркениеті мен мәдениетіне етене жақын немесе сол мәдениет негізінде құрылған мемлекеттер өзіндік комментарии жасау арқылы билік пен қоғам арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге ұмтылуы керек.