Дін саласын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер
Дін саласын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер

«БЕКІТЕМІН»

Түркістан облысының дін

істері басқармасының басшысы

________________Р.Сабыржанұлы

«___»______________  2025 жыл

 

Дін саласын реттейтін құқықтық-нормативтік актілер

 

КСРО ыдырап, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Заңда көрсетілген талаптар мен көзделген мақсаттар сол кезеңдегі Қазақстан қоғамының нақты ахуалына негізделген болатын.

Мемлекеттің басты қазынасы – адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан, азаматтардың діни сенім бостандығы конституциялық құқықтарының қатарынан орын алды. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған ҚР Конституциясына сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдайларға қарап кемсiтуге тыйым салынды.

ҚР Конституциясы 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» деп атап көрсетілді.

Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз. Жастарды радикалды діни ағымдардан қорғауымыз қажеттігіне сенімдімін. Сондықтан, Қазақстанның діни қайраткерлері бұл жолда жұмыс атқарады деп ойлаймын» деп атап көрсетті.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөліне алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екенін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Ата Заңымыздың 22-бабында былай делінген:

1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.

Сондай-ақ Конституцияда төмендегідей құқықтар көрсетілген:

- тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап);

- әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (19-бап);

- бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді (20-бап).

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтары ішінде еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Діни қызмет белсенділігі күшейіп, діни бірлестіктер саны еселеп артты, теріс пиғылды діни іс-әрекеттер де бой көрсете бастады. Сондықтан заңдық нормаларды заманауи ахуалға сәйкестендіру мақсатында ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңына 1994, 1997, 2004, 2005 жылдары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2011 жылдың 18 мамырында дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы әзірленіп, ол 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды.

Заңның преамбуласында халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына негіз болған, оның рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастырған қазақ ұлтының және Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ата діні болып табылатын исламның, сонымен қатар соңғы үш ғасырлық тарихы Қазақстанмен ортақ христиан дініндегі бірқатар этностардың сенімдік бағыты – православиенің ел халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды.

Аталмыш заңда мемлекеттік-діни қатынастардың негізгі қағидаттары көрініс тапты. Заңның 3-бабында төмендегі нормалар қамтылған:

1.     Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.

2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.

3. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.

Осы нормалар аясында мемлекеттердің діни бірлестіктерге бейтараптығы (нейтралитет), діни бірлестіктердің заң алдында теңдігі (паритет), ешбір дінге басымдылық берілмеуі арқылы барлық діндерге бірдей қатынас пен көзқарастың орнықтырылуы (толеранттылық) қағидаттары қамтылған.

Сонымен қатар дін туралы заңнамада көзделген нормалар бойынша дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекет:

- діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді;

- егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметіне араласпайды;

- дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бiрлестiктер арасында өзара төзушілік пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдеседі.

Діни бірлестіктер дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес төмендегі міндеткерліктерге ие:

1) мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды;

2) саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды;

3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.

Дін туралы жаңа заңнаманы жүзеге асыру аясында 2011-2012 жылдары Дін істері агенттігі тарапынан діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмысы жүргізіліп, Қазақстанның конфессиялық кеңістігі ретке келтірілді. Дінтану сараптамасын жүргізу, діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдардың заңмен белгіленген орындарда таратылуын қадағалау, ғибадат үйлерін салуды келісу және олардың ғимараттарын діни бірлестіктерге беру, миссионерлік қызметті реттеу, ақпараттық-ағартушылық шаралар аталмыш заң аясында жүргізіліп, елдегі діни ахуалды реттеуде, теріс пиғылды және радикалды идеологияның алдын алуда маңызды рөл атқарды.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген.

Діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Діни сенім бостандығы демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі.

Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында тең дәрежелі. Азаматтар дiнге көзқарасына қарай республиканың конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге әрекеттенсе, өзге азаматтардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеп, қандай да бiр артықшылықтар белгiлесе, өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызса, олардың сезiмдерiн жәбiрлесе, сондай-ақ, дiн ұстанушылардың қадiр тұтатын заттарын, құрылыстары мен орындарын қорласа Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматтары дiни көзқарасына қарамастан, заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға ешкiмнiң құқығы жоқ. Дiни сеніміне байланысты атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi.

Дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы өкiмет органдары, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары заңдарда белгiленген құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы елдің экономикалық дамуына ғана емес, азаматтардың діни-мәдени өміріндегі басымдылықтарға да күрделі өзгерістер енгізіп келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты тәуелсіздік жылдарында конфессияаралық және қоғамдық қатынастарды реттеудің маңызды тетігі болды.

Ғалым-философ, көрнекті қоғам қайраткері А.Айталы: «Қазақстан дін саласында бүгін сеперациялық модельден кооперациялық модельге, немесе барлық діндерден өзін белгілі бір арақатынаста ұстаған мемлекеттен мәдениет құраушы, ұлттық құндылықтармен ажырамас үйлесімдегі діндерге мән беретін мемлекетке айналып келеді. Демек еліміз дін саласында зайырлылықтың жаңа моделін таңдауда ойланатын, ойландыратын және ой елегінен өткізетін мәселелер әлі баршылық», – деп жазады.

Бүгінгі зайырлы Қазақстан – көптеген ұлттар мен діндердің тыныштық пен түсіністікте өмір сүруінің нақты көрінісі. Зайырлы мемлекет зайырлы қоғамның басты құндылығы болатыны Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы мен «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты жолдауларында белгіленген. Шын мәнінде, зайырлылық – Қазақстанның табысқа жетуінің, инновациялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың шарты.

Жоғарыда аталған ережелердің барлығы қазақстандық заңнамада тіркелген және зайырлылық ұстанымдарын іске асыруда әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып жасақталған. Жалпыға ортақ  осы ұстанымдар мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынасын реттеп, қазақстандық зайырлылықтың заманауи үлгісін қалыптастыруда. Зайырлы қоғамда діндар азаматтар мен діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнамаларды бұзса, өзге азаматтарға, ұйымдар мен жалпы қоғамның заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе мемлекет құқықтық шараларды қолдануға мәжбүр болады. Еліміздің тарихи ерекшеліктері, ұлттық, конфессиялық құрамы, сондай-ақ билік пен этникалық топтардың, діни конфессиялардың өзара ықпалдасуы мен байланысы зайырлылыққа әсер етеді.

Әрине, мемлекеттің ең басты басымдығы – зайырлылық қорғалуы қажет, бұл атеизмге бейілділікті яки діндарлықпен күресу дегенді білдірмейді. Мемлекет діндарларды да Қазақстан Республикасының толық құқылы азаматы деп санайды, ал діни бірлестіктер мен сенім иелерін маңызды әлеуметтік қайраткер деп танып, олардың қоғамға пайдалы – қайырымдылық, мәдени-ағартушылық, гуманитарлық – әрекеттеріне қолдау жасайды.

Оған қоса, мемлекет діни бірлестіктердің де әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуын қарастырады: оларды маскүнемдік пен нашақорлықтың, қылмыстың алдын алуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, отбасы институтының нығаюына, әлеуметтік тұрақтылық шарттарының мен жоғарғы деңгейдегі руханият пен адами ахуалдың дұрыс қалыптасуына жәрдемші деп таниды.

Мемлекет ел ішіндегі діни бірлестіктермен ортақ келісім, өзара түсіністік, толеранттылық пен сыйластық негізінде әрекеттеседі.

Сонымен қоса, мемлекет пен діни құрылымдардың қоғамның әртүрлі салаларында жеке тұлғалардың тепе-теңдігін қамтамасыз етуі – зайырлы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Егер заңда басқаша қарастырылмаса, жеке тұлғалар сенім бостандығын желеу етіп мемлекет алдындағы азаматтық міндеттерін атқарудан бас тарта алмайды.

 

Жүктеп алу
30.07.2025
10
0