Хакім Абайдан бір үзік ой
Хакім Абайдан бір үзік ой
13.07.2023
1122
0

Қазақтың қамын жеп, ертеңгі күнін ойлап, жөн сілтеп айтқан ақылы үшін туған туысынан жәбір-жапа көріп, жер аударылғандар көп. Тіпті Ахмет Байтұрсынұлы да бір өлеңінде өз елінің иттерінің балағынан қапқанын ауыр өкінішпен жеткізеді. Заманынан асып туғанның бірі Абай және Шәкәрім. Абай мен Шәкәрімнің адамдық, арлылық, мұсылманшылық, Құдайға жақындық туралы терең толғаныстары қадіріне жете білген адам үшін темір қазық іспетті. Ендеше адаспайтын, ақылды, арлы адамның айтқандарынан бірнеше мысалдар келтіре кетсек.

Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды»,-дейді. Әрхам Кәкітайұлы естелігінде: « - Әке, мен өз рұқсатыңыз бойынша үш жыл мұсылманша оқып, ораза, намаз, басқадай шариғат жолын үйрендім. Биыл қыс ортасынан бері қарай сізден рұқсат сұрауға уақытым болмай, орысша школға түсіп оқыдым. Ондағы мақсатым дін оқуы о дүниеге басшы болса, орыс оқуы бұ дүниеге басшы болмақ. Өнер де, білім де орыста. Бұл күнде біз орыс патшалығына толық бағынған халықпыз», депті. Тарихқа қарар болсақ Абайдың айтып тұрғаны айна-қатесіз шындық. Кезінде Ібір-Сібір жерінде билік қылып кейіннен қақпанға түскен он оқты Ондан сұлтанның баласы Ораз Мұхаммед сұлтан орыстың отты қаруының сырын ұғына алмай-ақ кетті. Әрине қару-жарақта білім-ғылымның жемісі. Бөтен жұрттың тілін білсең өзіменен бірдейлік дағуасында тұрасың деуі де бекер еместі. Бірақ замана ағымы ауысты. Әлемдік білім-ғылым тілі болып өзге тілдер оқ бойы озып алдыға шықты. Қазіргі қазақ баласы да заман ағысынан қалып қоймағаны абзал. 

Дана Абай бір өлең жолында: «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес. Ынталы жүрек шын көңіл, өзгесі хаққа жол емес»,-дейді. Біз қазақ ешкімге де арамдық ойламаған, бөтеннің мүлкіне тиіспеген халықпыз деп кейде өз бағамызды шектен тыс асырып жіберетініміз бар. Бес саусақ бірдей болмағаны секілді әлемдегі барлық ұлтта бар жақсы қасиет пен жаман қасиет біз де де бар екенін түсінуіміз керек. Сол себепті болар кейде Құдай деп жүргендердің аузын араммен, алаяқтықпен айналысып, қолын қанмен былғап жүргенін, көріп әлеуметтік желіде ислам дегендерің осыма деген секілді пікір білдіріп жүргендердің көбейіп бара жатқаны. Ал шын мәнінде мұсылман деген қандай болу керек?

Көкбай Жанатайұлы естелігінде: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы, мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қолданған. Абайдың діні мұсылманшылдықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді. Сондықтан сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылдық қылғанда емес. Намазды оқығысы келген кездерде оқиды, бірақ, ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын. Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін». Яғни терең толғаныспен пайда болған мұсылмандық. Қазіргі таңда не көп діндар емес діншіл адам көп. Құдайдан хабары көп болмаса да намаз оқымаған адамдарға тозақты дайын қылып, Құдайға жақындатудың орнына керісінше алыстатып алатыны бар. Бірақ Құдайдың адамды сүйетіні, Құдайдың өзі жаратқан пенделеріне махаббаты туралы айтылмай тасада қалып кетіп жатады. Осыған байланысты Жаратушының адамға деген ерекше ықыласы туралы Абай айтқан мына деректі жаза кетуді жөн көрдім.

1868 жылдардан бастап қазақтарды күштеп шоқындыру ісі басталды. 1885 жылы Семей қаласына жандарал Колпаковский келеді. Онымен бірге Петербор қаласында тұратын шоқындыру саясатына әбден дайындықтан өткен қазақ православиялық миссиясының басшысы архимандрит, кейін епископ Сергий (Петров) келді. Келу себебі жергілікті қазақ молдаларының арасында пікір таласа алатын адам бар болса келсін, жеңілсе шоқындырмақшы болып үлкен дайындықпен келеді. Сонда Семейдегі 12 мешіттің имамы хат жазып 250 км жердегі Абайды бес күн ішінде алдыртады. Бұл жерде пікір-таластың барлық бөлігін жазбай өзімізге қажетті жерін ғана жазуды жөн көрдік.

«Сергей, мұсылман дінінше құдай күш иесі, қорқытушы, сондықтан құдай жолындағы құлшылдық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты», - деді. Оған мен: «Біздің құдай «Рахман, Рахым» қуат қана иесі емес, Рақым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Мапақаты бар қуат: әке мен баланың арасы сияқты, әкеше сүюші ие дедім»,-дейді. Міне бізге қажеті де осы тұс. Жаратушыны насихаттаймыз деп тек Қаһһар сипатын ғана насихаттамай Рақым сипатына басымдық берілгені дұрыс секілді. Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман діннен шығады деген осы болса керек.

Қазіргі қоғамда сан түрлі пікір, ұстаным бар. Соның бірі қыз баласының қара түспен орануы яғни қара түсті ниқап кию. Қазақ халқы өз тарихында қара түсті ормалды қандай рәсім кезінде киген деген сауал туады. Әрхам Кәкітайұлының естелігінде Абайдың інісі Оспан қайтыс болғанда: «Жаздай қаралы көш, қара шапан жамылған қатын, қыздар, қатарласып дауыс айтатын болды»,-деген естелікті жазып қалдырды. Яғни орану Құдайдың бұйрығы деп аттан салмай, өз тарихымызға бір қарап, одан кейін оранса қоғамда осынша түсінбестік болмас еді.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                                 Қ.Қосмаханов

0 пікір