Кеңес дәуірі ыдырағаннан кейін Қазақстан халқының дінге деген қызығушылығы арта түсті. Дін бізге бір күнде келіп, бірден дари қойған жоқ. Неше түрлі қозғалыстар пайда болды, шерулер өтті, әр түрлі діншілдер де шыға бастады. Кейбір азаматтар жаппай балаларын дінге баули бастады, ал базы біреулер шетелге діни білім іздеп кетті. Дін өрттей қаулады.
Дінді дұрыс түсіндіру ешқашан өзінің өзектілігін жоғалтпаған іс. Өйткені дін - дегеніміз бейбітшілікке, адамдар арасын татулыққа баулитын құрал. Ал дінді бұрыс түсіндірген адам ел арасында діни бүліктің, араздасудың, тіпті елдер арасындағы соғыстың шығуына себепкер болады. Қазақ халқы ислам дінін ежелден ұстап келе жатқаны белгілі. Жаратушы ием дінді адам үшін жаратты. Дінді қастерлейтін де, қадір-қасиетін қашыратын да, берекесін кетіретін де – адам. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретіңе айналады», деп бекер айтылмаған. Қасиетін қадірлей алмаған ел қасіретке ұшырайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Дін – біле білгенге рухани азық, білмегенге – от, ал оттан өрт шығады. Дін – кісіні парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, төзімділікке, ұстамдылыққа, қадірлесуге, сыйласуға, ел мен елдің арасын жақындатуға, табыстыруға қызмет ететін үлкен құдірет. Құдіреттің құдіреттілігін біле алмасақ адасамыз.
«Жүре берсең, көре бересің» дегендей, осы күндері жасына жетпей ата сақалы беліне түсетіндерді де, арнайы діни сауат алмаған жап-жас басымен уағыз айтатындарды да көріп жүрміз. Тіпті, әйелдер де елге уағыз айта бастады. Әсіресе бүгінгі күні ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде уағызшылардың саны көбейді. Қарапайым халық бұл дінсымақтарды тыңдағанда қайсы дұрыс, қайсы бұрыс айтып жатқанын ажыраталмайтын жағдайға жетті. Олардың айтылған насихат мәселесіне келсек, Отан, ұлттық құндылықтар деген сөз шықпайды. Тек бір дінмен шектеледі, Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Дінге шектен тыс берілмеңдер» деген.
Қазір осындай дінге қатысы жоқ дүмше білгіштер дінді насихат көзіне айналдырып жіберді десек болады. Мұның ар жағында саясат тұруы әбден мүмкін. Дінді саясатқа айналдыруға болмайды. Белгілі бір дінді насихаттау үшін де арнайы білім керек. Уағызшы дінді қаншалықты меңгерді? Қай дәрежеде біледі? Ол жағына да назар аударған дұрыс. Бір сәтте діншіл болып шыға келу көңілге күдік келтіреді. Діннің саясатқа айнала бастағанының бір мысалы осы. Әлеуметтік желіде елімізде уағыз-насихат айтуына рұқсат етілген дін мамандарының тізімі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) бірнеше жыл бұрын РАНТ-ны (республикалық ақпараттық-насихат тобы) құрған болатын. РАНТ-ға мүше болу үшін дін уағызшылары арнайы аттестациядан өтеді. Және олар арнайы «Жадынама» бойынша жұмыс істейді. Егер, уағыз-насихат айту барысында бекітілген ережегеге сай емес ой-пікір айтылса, ол үшін жауапкершілікке тартылады. Осы себептен де бүгінге күнге дейін бірталай уағызшы РАНТ құрамынан шығарылды. Демек, адам өзіне беймәлім іспен шұғылданбағаны жөн. Қазақ «Дүмше молда дін бұзады» деп тегіннен тегін айтпаған.
Бұл мәселеге заңдық тұрғыдан қарайтын болсақ, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңы бойынша уағыз-насихатты Әділет департаментінен тіркеуінен өткен діни бірлестіктердің қызметкері және миссионер деген куәлігі бар адам ғана айта алады. Егер, арнайы рұқсаты жоқ адам уағыз-насихат айтса, оған ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодексі (490-бап. «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңнамасын бұзу) бойынша айыппұл салынады.
Шынайы дін отанды сүюге, туған халқын қадірлеуге, ата салтын әспеттеуге, ата-анасын сыйлауға, ардақтауға үндейді. Осы жолдан айнуға болмайды. Осындай керағар діни уағышылардың уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы А.Дүйсен
Дін - ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасыретің