Ұлттық құндылықтарды сақтау және ұрпаққа жеткізу
Ұлттық құндылықтарды сақтау және ұрпаққа жеткізу
05.02.2026
947
0

Ұлттық құндылықтар – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған рухани қазынасы, өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымының айнасы. Тіл, діл, дәстүр, салт-санa, әдет-ғұрып, тарих пен мәдени мұра – ұлтты ұлт ететін негізгі тіректер. Қазіргі жаһандану дәуірінде осы құндылықтарды сақтау және оны келер ұрпақтың бойына сіңіру – аса өзекті әрі жауапты міндет.

Ұлттық құндылық ұғымы және оның маңызы. Ұлттық құндылықтар – белгілі бір халықтың өзіндік болмысын айқындайтын рухани әрі мәдени ерекшеліктер жиынтығы. Олар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халықтың тарихи жады мен өмір сүру салтын қалыптастырады. Ұлттық құндылықсыз қоғам тамырсыз ағаш секілді әлсіз болады. Ал өз тарихын, тілін, дәстүрін қадірлеген халық қана рухани тұрғыда мықты, болашағы баянды елге айналады. Қазақ халқы үшін ұлттық құндылықтар ең алдымен ана тілімен, ата-баба салтымен, отбасылық тәрбиемен тығыз байланысты. «Тәрбие – тал бесіктен» деген ұғым да осыдан туындайды.

Бүгінде әлемдік мәдениеттер бір-бірімен тығыз араласып, ортақ ақпараттық кеңістік қалыптасты. Бұл үрдіс бір жағынан даму мен жаңашылдыққа жол ашса, екінші жағынан ұлттық ерекшеліктердің көмескіленуіне қауіп төндіреді. Жастар арасында шетелдік мәдениетке еліктеу, ана тілінен алшақтау, салт-дәстүрге немқұрайлы қарау секілді құбылыстар жиі байқалады. Осындай жағдайда ұлттық құндылықтарды заманға сай жаңғыртып, оның маңызын жас ұрпаққа дұрыс түсіндіру қажет. Ұлттық тәрбие ескілік емес, керісінше, тұлғаның рухани тірегі екенін ұғындыру – басты міндет.

Отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі. Ұлттық құндылықтардың қалыптасуында отбасының рөлі ерекше. Баланың алғашқы тәрбие мектебі – отбасы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, еңбекқорлық, сөзге тоқтау сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Ата-ананың өз ана тілінде сөйлеуі, ұлттық дәстүрлерді күнделікті өмірде ұстануы, балаға халық ауыз әдебиетін, салт-жоралғыларды үйретуі – ұрпақ сабақтастығының негізі. Егер отбасында ұлттық тәрбие әлсіресе, оны кейін толықтыру әлдеқайда қиынға соғады.

Ұлттық құндылықтарды сақтауда білім беру мекемелерінің атқарар қызметі зор. Мектеп пен жоғары оқу орындарында тарихты, әдебиетті, мәдени мұраны терең әрі тартымды түрде оқыту жас буынның ұлттық санасын қалыптастырады. Ұлттық музыка, қолөнер, салт-дәстүрге арналған іс-шаралар жастардың қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар театр, музей, кітапхана, мәдени орталықтар ұлттық рухты жаңғыртатын маңызды құралдар. Бұл мекемелер тек өткенді танытып қана қоймай, оны қазіргі заманмен байланыстыра білуі тиіс.

Ұрпаққа жеткізудің заманауи жолдары қандай? Қазіргі жастардың өмірі интернет пен цифрлық кеңістікпен тығыз байланысты. Сондықтан ұлттық құндылықтарды жеткізуде заманауи тәсілдерді қолдану қажет. Әлеуметтік желілерде ұлттық мазмұндағы сапалы контент жасау, тарихи тұлғаларды, салт-дәстүрлерді заманауи форматта таныстыру – тиімді жолдардың бірі. Ұлттық құндылықтарды сақтау өткенге байланып қалу емес, оны жаңаша түсініп, заман талабына бейімдеу. Сонда ғана ол жас ұрпақ үшін өміршең әрі мәнді болады.

Қорытындылай келе ұлттық құндылықтарды сақтау және ұрпаққа жеткізу – бір күннің немесе бір мекеменің міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ана тілін құрметтеу, салт-дәстүрді дәріптеу, тарихты білу және ұлттық рухты сақтау арқылы ғана біз болашағы берік, саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз. Өз құндылығын қадірлеген халық қана жаһандану толқынында жоғалмай, керісінше, өзіндік болмысымен әлемге танылмақ.

 

 Ә.Болат

 

  Түркістан облысының дін істері басқармасы

  «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

  Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы                                     

0 пікір