Ер азаматқа тән қасиеттер
Ер азаматқа тән қасиеттер
24.02.2021
4553
0

Тарих беттерін қарасақ қаншама текті азаматтардың болғанын көреміз, бір-бірінен асқан шешен, дана қаншама батыр тұлғалы бабаларымыз өткен. Олардың бойынан тектілік, ер азаматқа тән қасиеттерді көруге болады. Демек халық арасында текті әулиеттен шыққан, текті азаматтың баласы деп бекерден айтпағаны түсінікті жағдай деп білуге болады.        

Қазақ халқы әрқашан ұл баласына ер азаматқа тән қасиеттер арқылы тәрбиелеп келген. Қазақ ұл баласына әрқашан еркек мінезді яғни ер жүрек, батыл, мал табар өнерлі болуға баулыды, «еркек мінезді әйелден без, әйел мінезді еркектен без» - деген халық даналығы да осындай бір асқар ойдан туындаса керек. Ежелден адам баласының жаратылыс мақсатына сай Алла Тағала еркек пен әйелдің орнын, жаратылыстық қабілетін және міндеттеріне сай мінездерін де бөліп жаратқан. Қыз балаға өмірге нәзік баланы әкеліп аса сабырлықпен оны аялап, бағып, қатарға қосу үшін сабырлық, байыптылық нәзіктік, сезімталдық т.б. ерекшеліктер керек. Ал еркектерге керсінше таппаған күрделі мәселелер үшін тез арада ақылмен шешім қабылдау т.б. жағдайлар үшін еркекке әрдайым ақыл-айла, күш-қайрат, батылдық пен табандылық, қарапайымдылық пен қажырлық, сондай-ақ, мейімділік пен қаталдық та қатар керек болады. Сонымен қатар қазақ жігіттеріне өзгеше тән қасиет ол – намысқойлық болды. Елі мен жерін, отаны мен отбасын жат табанына таптатпас үшін кез-келген уақытта иығына қару алып қасқайып қасықтай қаны мен шыбындай жанын елі үшін, жері үшін құрбан етуге дайын болды.

Ұл бала үшін еңбектен кейінгі ең маңызды тәрбие қайнары ол – жеті атасын білу, тектілік, әрі намысқойлық болды. «Жеті атасын білген ұл – жеті рудың қамын жер, өзін ғана білген ұл – намысын сатып, арын жер» деп жеті атасын білу кез-келген азаматқа міндет әрі тектілік белгісі болып саналды. Қазақ жеті атасын білмеген азаматқа тәрбиесіз, тексіз, білімсіз деп ондай жігіттерге билік пен ел тізгінін ұстауға сенімсіздік танытқан. Себебі тегін білмеген текті әңгіме айтпайды деп санайды[1].

Тектілікке қатысты келесі бір қасиет шешендік, яғни өткір сөз иесі, ойын, идеясын халыққа жеткізе білетін тілмарлық. Ұлттық болмыс деңгейіндегі тектілік қасиеттің бір белгісі сөзге шешен, ойға терең болуда жатыр. Бұл қасиет жоғарыда аталған білім мен түсініктен, қабілет пен тәрбиеден шығады. Сөзді қадірлейтін халық бәрінде қадірлейді және осы қасиетімен қоғамдық өмірде барлық құндылықтарды біріктіре алады. Сөздің асылы даналық болса, сол даналықты иелену, даналықтың адам бойына ұялауы немесе даналықты адамның, елдің өзіне бағындыруы тектілікпен келеді. Абай айтқан алты бақан алауыз қоғамда даналық халықтың өміріне жақындамайды, тарихтың шеңберінде ғана өмір сүріп жатады. Сондықтан да қазақ сөзді қадірлеген, сөздің қадірленуі тиіс дүние екендігін ұрпаққа үйретумен келген. Бөлтірік би айтып кеткендей:

Сөз мәнісін білмеген –

Ел мәнісін білмейді.

Ел мәнісін білмеген –

Жер мәнісін білмейді.

Жер мәнісін білмеген –

Ер мәнісін білмейді.

Ер мәнісін білмеген –

Бар мәнісін білмейді, деген.

         Қазақ қоғамында ұрпаққа тұлғалық құндылықтарды (жер, тіл, діл, мәдениет, дін, шаруашылық) үйрететін, соның негізінде кісілік қасиеттердің қоғамда орын алып, нығайып отыруына күш салатын билер мен жыраулар. Ұлттық идеяның халық санасына тез жетуіне, ұлттық идеологияның дәстүрлі қазақ қоғамының рухани өмірінде әлеуметтік рухани күшке айналуын қамтамасыз етіп отыратын рухани тұлғалар институтының қажет дүние екендігін қазақ хандары терең білген. Ұлттық мүдде мәселесіне, ақиқатына келгенде би мен жыраудың ой өрісі ешкімге де бағынбайды, тек қана шындыққа, әділеттілікке жүгінеді. Осының салдарынан қоғамды біріктіретін құндылықтар, қоғамға игілік әкелетін нәрселер мемлекетті басқарған адамдарға да, халыққа да анық көрініп отырған. [2]

         Қорыта айтқанда, қазақы ұлттық тәрбиеде ер азаматты жастайынан байлыққа, лауазымға, кісілікке емес керсінше әдеп пен ізгілікке, кішіпейілділік пен жомарттыққа тәрбиелеген. Нағыз адамилық қасиетте болуының сыры «сегіз қырлы, бір сырлы» - деп ер  азаматтарды неше түрлі кәсіпке баулыған. Сондай-ақ, «жігітке жеті өнер де аз» - деп ер азаматтарды өнергеде баулып өсірген. Бойына жақсы қасиеттерді жинап өскен жастар текті еліне, жеріне қызмет ететін жанашыр азаматтар болғаны анық. Сол себепті қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерімізді сақтап қалу үшін ата-бабамыз көрсеткен жолмен жүріп, жастардың бойына жақсы қасиеттерді сіңдіріп тәрбиелеу қажет.

 

  Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы         Н.Әмзеев

 



[1] Мұстахимұлы Қ. Дәстүріңді қадірле, Алматы. «Үш Қиян» 2018 ж, - 116 б, - 94 бет.

[2] https://abai.kz/post/75965

0 пікір