Діни танымдағы толеранттылық құндылықтар
Діни танымдағы толеранттылық құндылықтар
21.02.2024
973
0

Толеранттылық – конфессияаралық және ұлтаралық түсіністікке қол жеткізудің басты қағидасы. Конфессияаралық және ұлтаралық түсіністікпен бір мемлекетте әртүрлі нанымдар мен мәдениеттердің қатар өмір сүруі бүгінгі жас ұрпақтың қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді.

Толеранттылық бұл – сыйластық, әлем мәдениеттерінің әртүрлілігін дұрыс түсіну, алуандылықтағы үйлесімділік. Бұл тек моральдық борыш емес, саяси-құқықтық тілек. Сонымен қатар ол – адамның жалпыға бірдей құқықтары мен негізгі бостандықтарын мойындау, адам құқықтарын құрметтеу негізінде қалыптасатын белсенді қатынас.

Діни толеранттылық – қоғамның ішкі тұрақтылығы мен интеграциясын қамтамасыз етудің негізі, бір діни және конфессиялық қауымдастықтың жақтастарының басқа діни және конфессиялық қауымдастықтар жақтаушыларына деген толерантты қатынасы. Әрбір діни және конфессиялық қауымдастық өзінің діни сенімін ұстанады және басқалардың құқықтарын мойындайды.

Қазіргі қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін діни төзімділік мәселесі өте маңызды. Қоғамның ішкі тұрақтылығы мен қатар оларды күйзелістерден сақтау, ұлттар мен мемлекеттердің бөлшектенуіне жол бермеу және сайып келгенде, сыртқы діни ықпалдың саяси мақсаттарын (миссионерлік қызмет, секталық ағымдарды енгізу және тарату) бейтараптандырудың негізі басты орында. Діни толеранттылық болмаған жағдайда қоғамның діни және конфессиялық әртүрлі қақтығыстарды тудыруы мүмкін. Сол себепті, діни тұрақтылықтың болуы, ондағы құндылықтар аса маңызды рөл атқарады.

Діни танымдағы толеранттылық құндылықтарға мыналар жатады:

  1. Әр түрлі діндер мен өзге мәдениетті құрметтеу;
  2. Жақыныңа оның діни сеніміне қарамастан көмек қолын созу;
  3. Диалог құру арқылы түсіністікке ашық болу;
  4. Ар-ождан мен діни сенушілердің құқықтарын қолдау және қорғау.

Осы құндылықтарды ұстану арқылы еліміз толерантты ел болуының арқасында дінге сенушілер бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, діни бірлестіктер өз қызметтерін емін-еркін атқаруда. Бұл қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына үлкен септігін тигізді.

Діни толеранттылықты қалыптастыру тетіктері қоғамдық қатынастардың бүкіл жүйесімен, конституциялық демократиялық құқықтар мен бостандықтардың толық жүзеге асу мүмкіндігімен, тұлға мен қоғамның рухани мәдениетінің деңгейімен байланысты. Қазақ халқы елдіктің іргетасын нығайтатын бірлік пен татулық құндылықтарына айрықша мән беріп, қастер тұтып келеді. Халқымыздың бейбітшілік пен ынтымақ жолын ұстанатынын айғақтаған ең елеулі оқиғаның бірі – елордамызда 2003 жылдан бері үш жыл сайын өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері. Конфессияаралық келісімді нығайтып, алуан түрлі діни қауымдастықтардың қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге ықпалын тигізген діни форумның жұмысына ислам, христан, иудаизм, синтоизм, индуизм, буддизм діндерінің, өзге де сенімдердің ең беделді өкілдері қатысып, жалпы адамзатты бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға үндеп келеді. Адамзат тарихында алғаш рет ірі діни қауымдастықтардың өкілдері біздің елімізде бір ортаға жиналды. Съезде христиандықтың барлық тармақтарының – православиенің, католицизмнің, протестанттықтың өкілдері болды. Форумға сүннизм мен шииттік бағыттардың, ірі азиялық діндердің беделді қайраткерлері қатысты. Бұл форум бір шаңырақ астына жиналған түрлі конфессия өкілдерінің татулықта, ынтымақта, бейбіт өмір сүруінің ортақ келісімі.

Бүгінде діни алауыздық өршіп тұрған заманда адамдар арасында «Дінді білу жеткілікті»,-деген түсінік қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. М.Әуезовше айтар болсақ: «Елмен елді, адам мен адамды теңестіретін – білім». Осы заман ғалымдарының пікірі бойынша XXI ғасыр жиһады – сауатсыздықпен күресу, ғылым-білімге ұмтылу. Статистикаға сүйенсек көптеген мұсылман мемлекеттерінде, соның ішінде тұрақсыз соғыс халіндегі мұсылман мемлекеттерінде сауатсыздық кең етек жайғаны баршамызға мәлім. Бұл мұсылмандардың заманға сай өмір сүре алмағандығының, діни түсінігінің таяздығының белгісі болмақ.

Дінде – зорлық жоқ. Кез келген дін өкіліне құрметпен қарап адамгершілік таныту әрбір адамның азаматтық міндеті!  

Дін – қырғи-қабақ алауыздық үшін емес, дін – бейбітшілік үшін. Қазақтардың мәдени-этикалық дәстүрлерінен мұра болып қалған рухани саладағы толеранттылық бүгінгі және болашақта азаматтық татулықты сақтаудың жақсы негізі болмақ. Еліміздегі діндердің, мәдениеттер мен халықтардың тату-тәтті өмір сүруі – ел болашағы үшін аса маңызды дүние болып табылады.

 

Г.Бекжан

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 

КММ-нің  теолог  маманы                                                         

0 пікір