Қазіргі заманда дәстүр мен дін мәселесі қоғам өміріндегі ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Жаһандану үдерісі, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы, түрлі идеологиялардың еркін таралуы ұлттық болмыс пен рухани тұтастыққа тікелей әсер етуде. Осындай жағдайда дәстүрлі құндылықтарды сақтау, қоғамның рухани иммунитетін күшейту мәселесі ерекше маңызға ие. Әсіресе дінді желеу етіп, қоғамға іріткі салатын деструктивті діни ағымдардың белсенділігі бұл мәселені тереңірек талдауды талап етеді. Дәстүр мен деструктивті діни ағымдар арасындағы қайшылықты түсіну – ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Қазақ халқының дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени жүйе болып табылады. Ол ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халықтың өмір сүру салтын, дүниетанымын, мінез-құлқын айқындап келді. Дәстүр – тек өткеннің сарқыншағы емес, керісінше қоғамды біріктіретін, ұлттың өзіндік келбетін сақтайтын тірек. Қазақ дәстүрінде адамгершілік, сыйластық, қанағат, сабыр, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді құндылықтар басты орын алады. Бұл қағидалар қоғамдағы үйлесімділік пен тұрақтылықтың негізі болып саналады.
Ислам діні қазақ даласына ғасырлар бұрын бейбіт жолмен еніп, халықтың дәстүрімен біте қайнасып кетті. Дәстүрлі ислам қазақтың салт-санасын жоққа шығармай, керісінше оны толықтырды. Мешіт пен медресе ғана емес, отбасы тәрбиесі, қауымдық өмір де діни-рухани құндылықтармен ұштасып отырды. Қазақ қоғамында дін ешқашан радикалды сипатта болған емес, ол өмір сүру мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қалыптасты. Имандылық ұғымы тек діни рәсімдермен шектелмей, мінез-құлық, ар-ождан, жауапкершілік секілді қасиеттермен өлшенді.
Ал деструктивті діни ағымдар осы қалыптасқан дәстүрлі жүйеге түбегейлі қарсы тұрады. Олар ұлттық салт-дәстүрді, тарихи тәжірибені, ата-баба жолын жоққа шығарып, өздерінің тар шеңбердегі идеологиясын абсолютті ақиқат ретінде ұсынады. Мұндай ағымдардың басты мақсаты – адам санасын толықтай бағындыру, оны қоғамнан оқшаулау және өз мүддесіне пайдалану. Деструктивті ағым өкілдері көбінесе қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік, рухани дағдарыс, жеке тұлғаның ішкі мәселелерін шебер пайдаланады.
Деструктивті діни ағымдардың ең қауіпті тұсы – олардың радикалды ойлау жүйесін қалыптастыруында. Олар «біз және олар» деген ұстанымды алға тартып, қоғамды екіге бөледі. Өзге пікірдегі адамдарды адасқандар, тіпті дұшпан ретінде көрсетеді. Бұл көзқарас отбасылық қатынастардың бұзылуына, әлеуметтік байланыстардың үзілуіне, қоғамдағы сенімнің әлсіреуіне алып келеді. Адам өзінің ата-анасынан, туған-туыстарынан, достарынан алыстап, тек ағым ішіндегі шектеулі ортаны ғана дұрыс деп қабылдай бастайды.
Мұндай ағымдардың таралуына көбінесе діни сауаттың төмендігі себеп болады. Дінді терең түсінбейтін, бірақ рухани ізденісте жүрген адамдар жалған уағызға тез сенеді. Әсіресе жастар арасында бұл құбылыс жиі кездеседі. Өмірлік тәжірибесі аз, өзіндік көзқарасы әлі толық қалыптаспаған жас буын үшін «таза дін», «шынайы жол» деген ұрандар тартымды көрінуі мүмкін. Алайда олардың артында ұлттық болмысты жоюға бағытталған жат идеология жатқанын көп жағдайда аңғара бермейді.
Дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығару – деструктивті ағымдардың ортақ белгісі. Олар беташар, ас беру, құдайы тамақ, жеті ата ұғымы сияқты салттарды «дінге жат» деп есептейді. Ал шын мәнінде бұл дәстүрлердің түп-тамыры адамгершілікке, туыстық байланысты нығайтуға, қоғамдағы бірлікті сақтауға бағытталған. Осы дәстүрлерден бас тарту ұлттық тамырдан ажырауға, тарихи жадының әлсіреуіне әкеледі.
Қоғам үшін ең қауіптісі – деструктивті діни ағымдардың экстремистік және террористік әрекеттерге негіз болуы. Радикалды идеологияға бой алдырған адам заңды, мемлекетті, қоғамдық тәртіпті мойындамайды. Бұл жағдай ел қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Сондықтан дәстүр мен дінді қорғау – тек мәдени мәселе емес, стратегиялық маңызы бар мемлекеттік міндет.
Дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтарды нығайту арқылы ғана деструктивті ағымдарға қарсы тұруға болады. Бұл бағытта ең алдымен ағартушылық жұмыс маңызды. Халыққа, әсіресе жастарға діннің шынайы мазмұнын, оның адамгершілікке негізделген қағидаларын дұрыс түсіндіру қажет. Дін мен дәстүрдің бір-біріне қарсы емес, керісінше өзара үйлесімді екенін көрсету – радикалды көзқарастың алдын алудың тиімді жолы.
Отбасы институтының рөлі де ерекше. Қазақ қоғамында тәрбие әрқашан отбасынан басталған. Баланың бойына ұлттық сана, дәстүрге құрмет, сындарлы ойлау қабілеті ерте жастан сіңірілсе, ол жат ағымдардың ықпалына түсуі екіталай. Сонымен қатар білім беру мекемелері, бұқаралық ақпарат құралдары, дін саласындағы мамандар бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
Қорытындылай келе, дәстүр мен деструктивті діни ағымдар арасындағы күрес – бүгінгі қоғамның ең маңызды мәселелерінің бірі. Дәстүр – ұлттың рухани қалқаны, ал оны жоққа шығару – қоғамды әлсіретудің ең оңай жолы. Сондықтан дәстүрлі құндылықтарды сақтау, діни сауаттылықты арттыру, радикалды идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру – әр азаматтың, әрбір қоғам мүшесінің ортақ міндеті. Рухани тұтастық пен ұлттық бірлік сақталған жағдайда ғана қоғам тұрақты дамып, болашақ ұрпаққа берік негіз қалдыра алады.
Қ.Молдабек
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru