Ислам дініндегі әйелдің мәртебесі
Ислам дініндегі әйелдің мәртебесі
17.09.2019
2313
0

 

 

Жалпылама ер адам болсын, әйел адам болсын, бұл қоғамнан өзінің жеке дара маңызды орнын иемдене алады.  Кез келген тұлғаның өз қоғамынан алатын белгілі бір орны болады. Асыл дініміз Исламда  ер мен әйелдің мәртебесі жоғары. Ислам әлемінде әйелді аса жоғары бағалайды. Алланың Кітабында әйелдер деп аталатын Ниса сүресінің болуы да, әйелдің жоғары мәртебелі, қоғамда аса маңызды адамзат қатарынан екенінің бір дәлелі іспетті.Исламнан бұрын араб халқы әйел затын қорлап, кемсітіп қарайтын. Қыз баланың дүниеге келуін сұмдық санайтын. Тіпті оларды тірідей жерге көміп тастаудан еш тайынбайтын. Әйел адамды әке-шешесінен қалған мирастан мақрұм етіп, оларға өз үлестерін бермейтін. Мұндай бассыздық тек арабтарға ғана тән емес-ті. Әйел затына үйдегі мүлік ретінде қарап, оларды адамзаттың азғыны санайтын ұлттар да кездесетін. Ал, Ислам діні әлемге жарық нұрын шашқаннан соң, әйел затының құқығын өзіне қайтарды. Беделін көтеріп, оның отбасындағы және қоғамдағы орнын айқындап берді. Қасиетті Құран Кәрімде ер мен әйелдің арасындағы теңдікті көрсетіп, әйел еркектің қабырғасынан жаралғанын айтады. Егер әйел, ана дәрежесіне жетсе, Ислам жаннатты оның аяғының астында деп түсіндіреді.

Жалпы, əйел түсінігі əйел мəселесі мəнін ашып, нақты ұғынуды қажет етеді. Бүгінгі біздің дамып,  өркендеуімізде  бұның  маңызы  ерекше.  Бұл  жөнінде  М.Əуезов  мынандай  ой     тастайды:

«...Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген — əйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты əйел халіне жалғасады. Сол себепті əйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, əйелдің халін түзе!» . Иə, қазіргі кезеңдегі қоғамымызда əйел мəселесі кеңінен орын алып отыр. Əйелдің орны мен ролін анықтау, қарастыру, қарастыра отырып оның мүмкіндіктерін асыру, қоғам «шеттетушілігін» тоқтатып, құқығын қорғау мəселелері — бүгінгі таңның өзекті мəселелері. Əлемді жаулаған гендерлік саясат біздің елде де қанатын кең жайып өркендеуде. Бұл əйел адамның өзін-өзі дамытып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, шығармашылық айқындалуына жол ашатыны рас. Алайда оның да өзіндік ерекшеліктерін ескерген жөн. Ұлттығымызды сақтай отырып, əлемдік «жаңашылдықтарды» бойға сіңіру барысында, келістіре отырып, ортақтандыру керек. Ол үшін тарихымызды саралап, зерделеуіміз, талдай отырып, талқылауымыз керек... Осы орайда Батысты жайлаған бұл саясат өзіндік дəстүрге ие қазақ жеріне қалай келмек, қалайша еніп, бірліктегі келісімге айналмақ, біз оны дұрыс қолдана аламыз ба, жəне «бұл бізді қайда əкеледі?», «дамудың қай сатысына өтеміз?» деген заңды сұрақтар туатыны анық. Ежелден келе жатқан қоғамдағы əйел мəселесі қаншама уақыт аралығында болып өткен жағдайларға қарамастан, бүгінгі күннің де өзекті мəселесі болып қала бермек.

Хадижа анамыз Мұхаммедтің (с.а.с.)пайғамбарлығына адамдардың ішінен иман келтірген ең бірінші әйел адам болды. Мұсылман әйелдер Жер бетінде Исламның таралуына көптеген үлес қосты әрі әлі күнге дейін дініміздің таралуына атсалысуда.    Алла Тағала Құран Кәрімде әйелдерге байланысты, ер кісілерге былай дейді: «Олармен жақсы, байыпты түрде мәміле жасаңдар» (Ниса сүресі, 19-аят), осы себепті ер кісілер әйелдермен жұмсақ, жақсы түрде мәміле жасауға тиісті екен. Ол туралы Ардақты Пайғамбарымыз, екі дүниенің сардары Хазретті Мұхаммед (с.а.с.) біршама хадистерін баяндағаны мәлім.

Атап айтқанда:

1.     Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Аяғы ауыр болып, құрсақ көтеріп жүрген әйел дүние салса, шаһиттердің қатарынан болады» (Хадисті Убада ибн Самиттен Ибн Саъат риуаят еткен).

2.     Бір күні Алланың Елшісі (с.а.с.) әйелдерге байланысты былай деді: «Сіздердің әр біріңіз бақытты емессіздер ме? Күйеулеріңізден құрсақ көтерсеңіздер, ал күйеуі оған разы болса. Егер осылай етсеңіздер ол әйелдің аяғы ауыр болған әр бір күніне, күні бойы ораза ұстап түнімен намаз оқып шығушының сауабындай сауап жазылады. Босанар уақыты жақындап, қиналған уақытта, аспандағы періштелердің өзіде Алланың ол әйел үшін қандай сый-сияпат әзірлегенінен бейхабар болады. Дүниеге нәресте әкеліп, көкірегіндегі сүтімен баласын емізген әр бір сәті үшін де Алланың сол әйел үшін дайындалған сыйлығын алады. Нәресте түнімен жылап, анасына ұйқы бермей, ал анасы түні бойы баланы жұбатып, емізіп шыққандығы үшін Алла жолында жетпіс құлды азат еткендей сауапқа ие болады. Сіздер менің қандай әйелдер жайында сөз жүргізгендігімді білесіздер ме? Олар Аллаға мойынсынушы, күйеулеріне бағынып, айтқанынан шықпаушы әрі істеген жақсылықтарын тез арада ұмытушы әйелдер». (Хадисті Хасан ибн Суфяннан Табарани риуаят еткен).

3.      «Егер әйел жақсы жанұядан және сұлу болса. Күйеуі өзінен бұрын дүние салып, күйеуі қайтыс болған соң басқа күйеуге шықпай, сауық-сайран құрмай, боянбай кәмелет жасқа келгенше балаларын тәрбиелесе немесе дүние салса, онда ол әйелдің жәннаттағы дәрежесі Менімен бірдей болады». (Абу Хурайрадан әл-Хараити риуаят еткен).

4.     Айша (р.а.) анамыздың риуаяты бойынша: «Бір күні маған бір пақыр, кедей әйел екі қызы мен келіп, тамақтандыруын өтінді. Мен олардың әрбіріне бір құрмадан бердім. Әйел өзіне тиесілі құрманы аузына сала бергенде балалары құрма берші деді. Құрманы жеместен екіге бөліп қыздарына берді. Бұл жәйт мені елең еттіріп, мен оны пайғамбарға (с.а.с.) айттым. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с.): «Шын мәнінде, сол әйелдің істеген жақсы ісі үшін Алла оны жәннатқа кіргізіп, тозақ отынан аман сақтайды»,-деді. Айша (р.а.) анамыздан Муслим риуаят еткен.

5.     «Салиқалы әйел, ізгі амал істемейтін мың еркектен хайырлы». (Хадисті Умар ибн әл-Хаттаб жеткізген).

6.        «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары». Айша (р.а.) анамыздан ибн Ғади риуаят еткен.

7.        «Ибн Умардың айтуынша, бірнеше шайқастарда Алла Елшісі (с.а.с.) әйелдер мен жас балалардың мәйіттерін көреді. Осыдан кейін пайғамбар (с.а.с.) әйелдер мен балаларға қылыш көтеруге қатты тыйым салды». (Байхақи риуаят еткен).

8.        «Әйелдердің еркектерден артықшылығы Алла оларды сезімтал етіп жаратқан. (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен Алла оларды ұялшақ қылып жаратқан». (Абу Хурайрадан Байхақи риуаят еткен).

Қазақ халқы ежелден әйелді құрметтеп, әйелдің құқығын төмендетпей белгілі бір жүйеде ұстайтын. Исламды дінім деп білген өтпелі қазақ дәуірінде ақ жаулықты аналарымыз бен әпке-қарындастарымыздың орны бір төбе еді. Олар ибалы, әке тәрбиесін көрген, ұзын етекті көйлек киіп, басына ақ жаулығын байлаған сол заманның абзал әйелдері еді. Тар заманның таршылығы қысқан, қысыл-таяң уақытта Кеңес дәуірінің ықпалы жүрген жылдары қазақ әйелдерінің діндарлығына нұқсан келе бастады. Аллаға шүкір дейміз, егемен ел болып, еңсемізді көтергелі қыздарымыз орамалын тағып, имандылыққа бет бұруда. Алла баршамызға Ибалы қыз, иманды ұл тәрбиелеуді нәсіп етсін. Пайғамбарымыздың өзі ер адамдарға əйел — Алланың үлкен сыйы деп үйреткен. Ислам əйел адамның жағдайын жан-жақты қарастырып, реттейді. Исламның мақсаты — əйелдің ардақты да абыройлы болып, неке құрып, өмірге келгендегі миссиясын адасушылықсыз, дұрыс жолмен жүзеге асыру. Жалпы алғанда, ислам əйел мен еркекті тең жағдайда ұстау мақсатында қоғамда толықтылық пен тұрақтылықты құрайтын ортақ түсінік табуға тырысады. Оның негізгі міндеттерінің бірі — əйел мен ерді келістіре отырып, тұтастылықты қамту.

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы Қ.Жулшиева

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

0 пікір