Дін ұғымы – қазақ ғұламаларының көзқарасымен
Дін ұғымы – қазақ ғұламаларының көзқарасымен
09.08.2022
1414
0

Дін – адамзат тарихында жаратылысынан бері бар әрі барлық дәуірде адаммен бірге жасасып келе жатқан ұлы күш. Адамның ішкі сұранысында әлденеге сеніп өмір сүру әуелден бар қажеттілік. Сол себепті діннің адамзатқа ықпалы қазір де өз күшінде. Адамзат тарихында жекелеген дінсіз адамдар болғанымен, дінсіз қауым, дінсіз қоғам болмаған. Қазірге дейін шамамен 10 мыңнан аса дін мен діни наным-сенімдер пайда болған. Жер шарында 8 миллиардқа жуық адам болса, солардың 85%-нан астамы қандай да бір діни сенімді ұстанады. Ал 50%-нан астамы христиан діні мен ислам дінін ұстанып өмір сүруде. Ғалымдар өлімге шара табылмайынша, дінге деген мұқтаждық жойылмайтынын айтады. Кезінде дін бар болғаны сауатсыздықтан, табиғат күштері мен өмірдегі қиындықтардың алдындағы шарасыздықтан туындағанын айтушылар да болған. Бірақ уақыт көрсетіп отырғандай қазір жан-жақты дамыған әлемде де дін өмір сүріп келеді.

Дін – адамзат қоғамының ажырамас бөлшегі. Ал осы дінді қазіргі күнде қалай түсінудеміз. Ислам теологиясына сүйенер болсақ дін мен ислам бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Барлық діндердің мақсаты – адамзатты ізгілікті іс жасауға шақыру. Ал жалпы діндердің ұқсасы – барлығында ақырет, жұмақ, тозақ секілді құбыластар кездеседі. Ислам дінінде ең алғашқы түскен сүре Алақ сүресі «Иқра» яғни «оқы» деп басталады, сол себепті білім алу мұсылман адамға парыз деп түсініп жатамыз. Ислам бейбітшілікті қалайды деп жер-жерде түрлі деңгейде конференциялар өтіп жатыр. Бірақ неге ислам дінінің алғаш тамыр жайған жері Таяу Шығыста әлі күнге дейін қантөгіс пен аштық, ауру мен бесіктен белі шықпаған балалар қалам алуға емес қаруға асығады. Ол жақты алмай-ақ өзімізге келер болсақ: мен әлхамдулиллах мұсылманмын деп өз ата-бабасының ұстанған салт-дәстүрін жоққа шығарып, қыз баласын қаласын қаламасын тұрмысқа беріп құтылуға асығатын келте балақты діншіл азаматтардың қатары көбеюде. Әдебиетімізді ашып қарар болсақ «намазхан» деген сөзді таппаймыз. Бірақ намаз оқитын мұсылман жамағатын көрсе «намазхан бауырлар» деген тіркес қосыла айтылатын болып жүр.

Әлеуметтік желі арқылы Құдайдың атын пайдаланып қалың бұқараның қалтасындағы соңғы тиынына дейін алдап тартып алып жатқан оқиғалар қаншама. Осы оқиғалардың барлығы Шәкәрімше айтқанда: «Жаман тәпсір жайылып жер бетіне, дін десе тұра қашты есті азамат» дегеніндей көптеген адамдардың діннен жерінуіне алып келуде. Ал шын мәнінде дін дегеніміз не? осы ұғымды қазіргі күнде кім қалай түсінуде және кезінде ата-бабамыз қалай түсінді, осы сұрақтарға жауап бере кетуді жөн көрдік. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) мақтаған адам бойындағы асыл қасиеттің бірі сабырлылық, ұстамдылық. Ежелгі Баласағұн қаласынан шыққан ақын Жүсіп Баласағұн «Құтты Білік» атты еңбегінде жыр жолдарымен былайша жеткізіпті:

«Сабырлы бол, сабыр бастар мұратқа!

Күйіп-пісіп, өзіңді отқа құлатпа

Қай істе де жоғалтпағын сабырды

Ұстамдылық үйірер мал бағыңды» деп сөзден маржан түзіпті. Ақыл іздеген жанға осы жыр дастанды ұсынар едік.

Бір күні Алла Елшісіне (с.а.с) бір кісі келіп: «Уа Алла Елшісі (с.а.с) мұсылман деген кім? деп сұрақ қойыпты. Сонда Алла Елшісі (с.а.с): Тілімен де ісімен де ешкімге зиян тигізбеген адам» деп жауап берген екен. Осы жолды бекем ұстанған көкірек көзі ашылып Шыңғыстаудың баурайында үй тіккен Шәкәрім қажы көптеген өлең жолдарында осы қағиданы дәріптеген. Яғни ешкімге зиян тигізбе, арлы бол, ұятты бол, намысты бол, рахымды, ынсапты бол деумен өмірін өткізді. Сол себепті «қиянатың бар болса иманың жоқ, маған десең мың жылдай қыл ғибадат» дегені. Одан алдын күллі түркі жұртына ортақ ұстаз болған Қожа Ахмет Ясауи:

Кәпірге де қастық қылма жаралар

Ол Құдайдан безуменен барабар

Тозақ дайын талақ қылсаң сүннетті

Менен бұрын айтып кеткен даналар... Яғни бұрыңғы қазақтың дәстүрлі діни танымында кәпір де болса берме азар деген қатаң қағида орын алған. Бұл нағыз мұсылман үмметінің жолы десек болар. Дінді ешқандай пендеге қиянат жасамау деп ұғынсақ Шәкәрім қажыға тағы да қайта оралмақпыз.

Адамның айуаннан айласы мол,

Қит етсе, қиянатқа қояды қол.

Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек-

Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол, және тағы да бір өлеңінде:

Жүрегі таза адамдар

Зұлымдықтан амандар,

Қиянатсыз надандар

Әулиеден кем емес деп, биік дәрежеге көтерді. Ал әулие деп Құдайдың сүйген құлдарын, достарын атаса керекті.

Ғылымсыз – дін ақсақ және соқыр. Бұл бұрыңғы өткендердің сөзі. Дін деген осы екен деп отырып тұрып намаз оқып, ықылас-пейілсіз ораза ұстай беруге де болмас. Құлшылыққа да ғылым керек. Құбыланы табу үшін құбылнама пайда болды, уақытты есептеу үшін сағатты ойлап тапты. Ораза кезінде айды есептеуге де ғылым керек. Ғылымның нәтижесі әсіресе XXI ғасырда қатты сезілуде. Ал қазіргі қоғамға тек қана ғылыммен ғана озу жараспақ. Академик Асқар Жұмаділдаев айтқандай: «Ғылымның барлығы қазаққа керек». Мұны байқаған Хакім Абай кезінде жиырма бесінші қара сөзінде: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет (оқыт)! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма»!

Әрине Абайдың заманында ғылымы озық орыс ұлты болатын. Батысқа қол сермеу үшін орыстың тілін білу қажет еді. Ал қазіргі кезде мүмкіндік көп. Сондай-ақ оныншы қара сөзінде: «Ғылымсыз ахиретте жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж ешбір ғибадат орнына бармайды» деген сөзін ескерсек, дін дегеніміз ең әуелі – білім мен ғылым екені даусыз. Себебі Абайдай ұлы тұлға әзірге қазақта жоқ-ақ.

Хақ мұсылман кім болар-

Айтса сөзі шын болар.

Рахым,ұят, ар, ынсап-

Төртеуі болса дін болар. 

Мұсылман адамның тағы бір бойынан табылар қасиеті – кеңпейілділік. Ол да Жаратқанның сүйген амалы.

Тәңірі жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген қиянат.

Ақ жүректі ертерек

Ескердағы қыл әдет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бүгінгі мақала тақырыбына арқау болған Шәкәрім қажының бір шумақ өлеңімен түйіндесек:

Есіл түзу пішінді,

Түзете алмай қысылды.

Сен құбылмай тек отыр,

Түзетсін Құдай ішіңді.

Демек діндар болу, мұсылман болу әуелі өзіңді түзетуден басталмақ. Мен мұсылманмын деген қазіргі қазақ қоғамына жоғарыда айтылған өлең жолдарынан ғибрат алу керек секілді. Сонда ғана еліміздегі дінді тек құлшылық дейтін буквалистік пайымнан арылатын секілдіміз.

 

 

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                    

0 пікір